Илон Маск діттеген жерге 1 сағатта жеткізетін пойыздың идеясын ұсынды

Көлік индустриясында бәсеке көп. Зауыттар түрлі әдіске көшті, деп хабарлайды 24kz.

Ал, техниканың шапшаңдығы артқан үстіне артып барады. Тіпті пойыздар ұшақпен жарысатын болды.

Иә, бұл әуе қатынасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Жалпы әлем елдеріндегі жүрдек пойыздардың даму қарқыны қалай?

Әлемдегі ең алғашқы жоғары жылдамдықты пойыз Жапонияда пайда болғанымен, қазір ең жылдамы Қытайда, ол – Шанхай маглеві. Маглев сөзі магнитті левитация деген сөздердің қысқартылған түрі. Яғни, бұл технологияның сыры магниттердің өзара әрекетінде жатыр, олардың бірдей полюстері кері тебеді. Қытайлықтар мақтан тұтатын Маглев сағатына 460 шақырым жылдамдықпен жүреді. Пойыз Шанхайдағы Пудонг халықаралық әуежайынан Лонгьян метро станциясына дейін барады. 30 шақырымдық жолды 7 минут 20 секундта еңсереді. Қытай бұл қарқыннан таймақ емес. Бірер күн бұрын Шанхай – Чунцин – Ченду арасындағы жоғары жылдамдықты пойыздар үшін Чунтай – Янцзы туннелінің құрылысы басталды.

Шан Вэй, Қытайдағы теміржол желілері бойынша менеджер:

- Бұл жобаға жаңа технологияларды енгіздік. «Ақылды» машинаның көмегімен, кедергілерді автоматты түрде болдырмауға алдын ала әрекет етуге болады. Яғни, басып озу және күтпеген кедергілер кезінде төтенше тежеу сияқты мәселелерді реттеп отырамыз.

Қазір көптеген ел жоғары жылдамдықты электр пойыздарын енгізуді қолға алса, ғалымдар магнитті левитацияны дамытуды талқылап жатыр. Егер магнитті левитациялы пойызды вакуумдық туннельде жүргізсе, ауа кедергісінен құтылуға болады. Іс жүзінде мұндай пойыздардың жылдамдығы сағатына 6000-8000 км-ге дейін жетеді.

Екінші жылдам пойыз да Қытайда. 2010 жылдан бері отарба Шанхай мен Нанкинді байланыстырады. Қазір Шанхайдан Ханчжоуға және Уханнан Гуанчжоуға баратын пойыз да сағатына 379 шақырым жылдамдықпен жүреді.

«Италияның қызыл жебесі» деген атпен танымал пойыз – Еуропадағы ең жылдам пойыз. Миланнан Флоренцияға немесе Римге жолаушыларды 3 сағатта жеткізетін пойыз сағатына 354 шақырым жылдамдықпен жүреді.

Келесі Испаниядағы ең жылдам пойыз, Siemens компаниясы шығарған Velaro E. Бұл жолаушыларды Барселонадан Парижге 6 сағатта жеткізе алады және сағатына 349 шақырым жылдамдықпен жүреді.

Одан кейін Eurostar e320 пойызы. Парижден мен Лондонға 2 сағатта жетуге болады. Сағатына 321 шақырым жылдамдықпен жүретін пойыз өз бағыты бойынша жолаушыларын қалалардың қақ ортасына дейін жеткізеді.

Амстердам, Брюссель, Париж және Кельнді байланыстыратын Thalys Еуропадағы ең маңызды пойыз желілерінің бірі. Сағатына 299 шақырым жылдамдықпен жүретін пойызды саяхатшылар да, қызметкерлер де жиі пайдаланады.

Токиодан Тояма мен Каназаваға «Жапон Альпі» арқылы апаратын Хокурику Шинкансен E7 Жапониядағы ең сұранысқа ие пойыздардың бірі. Жапонияның тарихи әсем жерлеріне апаратын Hokuriku Shinkansen E7 сағатына 259 шақырым жылдамдықпен қозғалады.

Бұл тізімді америкалық пойызбен аяқтайын. 2000 жылы іске қосылған Amtrak Acela Бостон, Нью-Йорк, Филадельфия, Балтимор және Вашингтон DC арасында сағатына 241 шақырым жылдамдықпен жүреді.

Илон Маск Лос-Анджелестен Сан-Францискоға бар болғаны 30 минутта жетуге болатын көлік түрінің жобасын ұсынған болатын. Ал екі қаланың арасы ұшақпен 1 сағат, жеңіл көлікпен 6 сағат. Бұл осыдан 11 жыл бұрынғы идея. Илон Маск бұл көлікті  пойыз, ұшақ, авто және кемеден кейінгі бесінші көлік түрі ретінде таныстырған. Hyperloop арнайы тіреулердің үстінен өтетін жер үсті құбыры секілді ойластырылған. Ал оның ішінде сағатына 480 мен 1220 шақырымға дейін қозғалатын капсулалар болады. Капсуланың ұзындығы шамамен 25-30 метр және қатынау аралығы 30 секунд. Hyperloop жобасы жүзеге асатын болса, адам және жүк тасымалы саласында үлкен төңкеріс болмақ. Сол идеяның тесттік нұсқасы сәтті орындалды, Дегенмен, Hyperloop жұмыс істеу үшін қанша энергия қажет екені әлі белгісіз.