Буэнос-Айресте медицина қызметкерлері шеруге шықты

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте жүздеген медицина қызметкері ауқымды наразылық акциясын ұйымдастырды.

Қала көшелерімен жүріп өткен шерушілер ел үкіметінен жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Олардың айтуынша, қазір айлығы шайлығына жетпейді. Аргентинада медицина қызметкерлерінің еңбекақысы басқа елдермен салыстырғанда 4 есе төмен. Ақ халаттылардың орташа жалақысы 350-500 доллар аралығында. Бұл мүлдем жеткіліксіз, дейді шерушілер.

Майра Бони, дәрігер:

«Мен ауруханада күніне 12 сағат жұмыс істеймін. Тәуліктік кезекшілікке жиі шығамыз. Жүктемеміз өте ауыр. Ал жалақымыз пәтер жалдауға, азық-түлік сатып алуға жетпейді. Сол себепті бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүрмін. АҚШ немесе Еуропаға кетіп қалсам да болар еді, бірақ өз елімді сүйгендіктен осындамын».