Eurostat: Еуропада апта сайын әр әйелдің екеуі зорлық-зомбылыққа душар болады
Жер шарында 736 млн қыз-келіншек өзінің ері немесе серіктесі тарапынан зәбір көреді, деп хабарлайды 24kz.
Оның 42%-і физикалық күш көрсетуге тап болса, 38%-і өліммен аяқталады. Дүниежүзілік банктің дерегі осындай. Әйелдің ар-намысына тиіп, қиянат жасау жағдайлары әсіресе, өмір сүру деңгейі төмен қара құрлық пен арал елдерде жиі тіркеледі.
Әлемде күн сайын орта есеппен 140 қыз-келіншек өз отбасы мүшесінің қолынан мерт болады. БҰҰ келтірген дерекке сәйкес, былтыр қасақана кісі қолынан 51 мыңнан аса адам қайтыс болған. Әйелге қол көтеріп, ұрып-соғу оқиғалары орын, жер талғамайды. Жұмыс орнында, қоғамдық ортада болсын, әйелдерге әлімжеттік көрсету деректері көбейіп отыр. Қақтығыстар, климат және аштық дағдарыстары теңсіздікті тіпті күшейте түсті. Бұған ешбір ел, қауымдастық тосқауыл қоя алар емес.
ДДСҰ: Қыздардың 24%-ы серіктесінен зәбір көреді
Жер шарында жас қыздарға да зәбір көрсету фактілері көп. ДДСҰ-ның мәліметіне сәйкес, 15 пен 19 жас аралығындағы бойжеткендердің шамамен 24%-і физикалық және жыныстық күш көрсетудің құрбаны болып жүр. Былтыр әр алтыншы қыз бала қорлау және зорлау оқиғаларына тап болған. Халықаралық ұйымның дерегі бойынша Қара құрлықта жағдай күрделі. Әсіресе, Орталық Африка, Сахарада, сондай-ақ, Океанияда зәбір көрсету дерегі жиі тіркеледі. Бұл аймақтағы жасөспірім қыздардың 40%-і тұрмыста таяқ жеп, зорлық-зомбылықтан зардап шегеді екен. Ал Орталық Азия мен Орталық Еуропада керісінше, көрсеткіш төмен. Бойжеткендердің шамамен 10%-і зәбір көреді.
Кәрі құрлықта құқықбұзушылық тыйылмай тұр
Кәрі құрлықта да құқықбұзушылық тыйылмай тұр. Еуропа елдерінде жыл сайын 3 мыңнан астам әйел тұрмыста әлімжеттік көріп, өлім құшады. Апта сайын әр әйелдің екеуі зорлық-зомбылыққа душар болады екен. Еуростаттың келтірген дерегі осындай. Құқықбұзушылардың 32%-і – жалдамалы жұмысшылар. Фемицидтердің яғни, әйелдерге зорлық-зомбылық жасаушылардың көбі Финляндия, Грекия, Германия және Италиядан. Сарапшылар мұны пандемия кезінде төрт қабырғаға қамалған жұптардың өзара түсініспеушілігімен байланыстырады.
Сильвиа Ценцен, «Әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсы» ұйымының өкілі:
- Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары жиі тіркелді. Есесіне, бұл жағдай қазір ашық айтылатын деңгейге жетті. Әйелдер өзінің жалғыз емес екенін сезініп, дағдарыс орталықтарына кеңес сұрап келе бастады. Бұл – қоғамды алаңдатқан мәселе. Мұндай құқықбұзушылықтарды азайту үшін үгіт-насихат жұмыстары мектептен басталуы керек.
Оңтүстік Кореяда әйелдерге әлімжеттік жиіледі
Оңтүстік Кореяда кейінгі жылдары әйелдерге әлімжеттік көрсету жиілеген. Осы елдің Ұлттық полициясының мәліметі бойынша 2021 жылы 218 мың, 2022 жылы 225 мыңнан астам жағдай тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 231 мыңға жеткен. Екі жыл ішінде 12 мыңнан астам жағдайға өсім байқалды. Алайда, қамауға алу деңгейі өте төмен – тек 0,2% шамасында. Осы себепті Оңтүстік Корея билігі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосқан. Былтыр «Әйелдерге арналған телефон желісі» ұйымы заңгерлік кеңес беру бойынша жалпы саны 73 мыңнан астам қолдау көрсетті. Тұрмыстық зорлықтың ауырлығына байланысты зорлық жасаушыға ірі айыппұл немесе қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Сондай-ақ Парламент депутаттары полицияға тұрмыстық зорлыққа байланысты тұрғын үйге кіруге рұқсат беретін заң жобасын әзірлеп жатыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева