Байден мен Макрон әлем алдында маңызды мәлімдеме жасайды
АҚШ басшысы Джо Байден мен Франция президенті Эммануэль Макрон Ливандағы атыстың тоқтайтыны туралы мәлімдеме жасайды.
Бұл туралы Reuters агенттігі төрт жоғары лауазымды ливандық шенеунікке сілтеме жасап хабарлады. Басылымның дерегі бойынша Израиль мен «Хезболла» арасындағы атысты тоқтату келіссөздері 2006 жылы қабылданған Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1701-резолюциясына негізделген.
Бұған сәйкес, Ливанның Израильмен шекаралас аймағына Ливанның тұрақты әскері мен UNIFIL бейбітшілік күштері кіруі тиіс, ал шииттік қозғалыс өз әскерін Израиль-Ливан шекарасынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Литани өзенінің арғы бетіне шығаруы керек. Ливан Парламенті Төрағасының орынбасары Элиас Бу Саабтың айтуынша, келісім жобасы бойынша Израиль өз әскерін Оңтүстік Ливаннан шығарып, ол жерге 60 күн ішінде Ливанның қарулы күштері орналасуы керек. Атысты тоқтату режимін бес елдің арнайы комитеті бақылайды. Оған АҚШ төрағалық етеді.