Чикагодағы этно-кофехана америкалықтардың сүйікті орнына айналды
Чикагоның қақ төрінде орналасқан «Тары» қазақ этно-кофеханасы аз уақыттың ішінде жергілікті жұрттың сүйікті орнына айналды, деп хабарлайды 24kz.
«Тары қосылған кофе америкалықтар үшін жаңа дүние. Сондықтан адамдар оның дәмін тату үшін ұзын-сонар кезекке тұруға әзір», - дейді дәмхана қызметкерлері. Айтуларынша, оның ерекшелігі тары қосылған соң кофенің әдеттегі ащы дәмі басылып, жұмсақ сусынға айналтындығында екен. Кофеханада тарымен қатар шай, науат, құрт секілді өнімдер де ұсынылады. Жас қазақ кәсіпкерлері енді АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Сиэтл сияқты өзге де ірі қалаларында осындай этно-кофехана ашуды жоспарлап отыр.
Әділет Бекмұхамбетов, даяшы:
- Біздің клиенттердің 90%-і америкалықтар. Кейде кофе алу үшін жарты сағатқа дейін күтіп, көшеге дейін шығып кетеді. Бізде барлығы табиғи. Барлығына ұнайды.
Катрин Бруклин, жергілікті тұрғын:
- Мен мұнда алғаш рет келіп отырмын. Өте жайлы орын екен. Маған ішкі безендіруі қатты ұнады. Ал кофеге келетін болсақ, оның дәмі ерекше, керемет екен.