Әлемде газет-журнал оқитындар қатары әлі көп
Қазір қай салада да жоғары технологиялардың билігі жүріп тұр. Онсыз өркендеу, ілгерілеу жоқ екені айтпаса да түсінікті.
Десе де, кейінгі кезде алдында жатқан алақандай телефонға телмірушілердің қатары артып барады. Әсіресе жастар. «Біздің газетіміз де, журналымыз да осы», - дейді.
Эдвард Генди, газет дүкенінің иесі:
- Мен әлі газет оқимын. Басылымдар бала күнімнен сенімді серігім. Олар мен үшін адамдармен тілдесудің құралы.
Бұл – Эдвард Генди. 30 жылдан бері мерзімді басылымдар сатумен айналысып келеді. Айтуынша, оның сауда нүктесі Исмаилия қаласындағы ең көне дүкен саналады.
Эдвард Генди, газет дүкенінің иесі:
- Бұл дүкенді марқұм әкем сонау 50-жылдардың басында ашты. Оқуымды бітіргенше осында келіп, әкеме көмектесіп жүрдім. Кейін бұл дүкен маған мұра болып қалды.
Эдвард жергілікті компаниялардың бірінде инженер болып қызмет етеді. Соған қарамастан күн сайын дүңгіршегіне келіп, газет сатады.
Мұхаммед Аттиа, Исмаилия қаласының тұрғыны:
- Осында келіп, газет-журнал сатып алғанды ұнатамын. Достарым да жақсы көреді. Қолыңа газетті кеңінен жая отырып, жаңалық оқығанға не жетсін! Сөзі салмақты, ойы орнықты. Интернетке үйрене алмай-ақ қойдық. Сондықтан, міне, 30 жылдан бері Эдвардтың дүкеніне келіп, басылым сатып алып жүрмін.
Эдвардтың газет-журналын сатып алушылар қатары қазір көп. Бірақ басым бөлігі Мұхаммед секілді жасы 55-тен асқан азаматтар. Жастар қатары аз. «Бұған төрткүл дүниенің түгелдей интернет иірімдеріне түсіп кетуі себеп шығар», - дейді Эдвард.
Эдвард Генди, газет дүкенінің иесі:
- Электронды технологиялардың дамуы заман ағымы. Жаңалық жедел жетеді, іздегеніңді әп-сәтте тауып аласың. Сондықтан қарттар кетсе, қағаз басылымдар да ғайып болады деп ойлаймын.
Ой демекші, ойыңа ой қосатын, санаңа сәуле түсіретін мәнді-мағыналы сөз басылымдарда. Бірақ ғаламтор, соның ішінде әлеуметтік желі баспасөздің қол-аяғын матап, аузын буып тастайды дегенге сену қиын. The Washington Post, The New York Times секілді газеттердің таралымына көз тастасаң, мерзімді басылымдардың әлі де ұзақ жасайтынына, өміршең екеніне сенесің.