Әлемнің бірқатар елінде ұлттық валюта әлсіреді

Әлемнің бірқатар елі ұлттық валюталарын демейтін тірек таппай, тығырыққа тіреліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, түрік лирасы біршама құнын жоғалтқан. Көршілес Ресейдің рублі де, өткен аптада шамамен 12%-ке құлдырады. Мұндай ахуалмен, аталған елдердің биліктері қалай күресіп жатыр?

2024 жыл Түркия үшін қиын болды. Ел экономикасындағы ахуал айтарлықтай күрделене түсті. Ұлттық валюта құнын жоғалтты. Наурыз айындағы дерек бойынша түрік лирасы 8% әлсіреді. 2023 жылы 37% құлдыраған болатын. Оған бірнеше фактор әсер етті. Атап айтқанда, Түркиядағы инфляция мен монетарлық саясат. Билік пайыздық мөлшерлемені 45% көтерді. Бұдан бөлек, импорттың басым бөлігі доллармен жүзеге асырылуы да валютаға деген қысымды күшейтті. Елдің қаржы жүйесіне сенімнің төмендеуінен тұрғындар мен кәсіпорындар өз жинақтарын жаппай шетелдік валюта немесе алтынға ауыстыруға көшті. Қолда бар мәлімет бойынша қазіргі таңда банктегі депозиттердің жартысынан астамы шетелдік валютада сақталған.

Ресей рублі де құлдырады. Соңғы 10 күнде көрші елдің ұлттық валютасы 12,47%-ке құнсызданып кетті. 28 қараша күні 1 АҚШ доллары 113,1 рубльге бағаланды. Бұған геосаяси ахуал мен мұнай экспортына қатысты шектеулер әсер етті. Ел үкіметі ұлттық валютаны қолдау мақсатында экспорттық компанияларға валюта түсімдерін рубльге айырбастауды міндеттеді. Ал орталық банк пайыздық мөлшерлемені көтерді.

Еске сала кетейік, санкция салдарынан маусым айынан бастап мәскеулік биржада доллар мен еуро саудалануына тыйым салынды. Содан бері доллардың құны банк арқылы анықталатын болды.

Аргентина билігі 2023 жылдан бері елдегі экономикалық дағдарыспен күресіп келеді. Осы мақсатта үкімет ұлттық валютаның бағамын 54%-ке құнсыздандырды. Сөйтіп 1 АҚШ доллары 800 песодан саудалана бастады. Бұрын бағам 366 песо болатын. Бұл жаңадан сайланған президент Хавьер Милей ұсынған бағдарламасының бір бөлігі. Кейін Орталық банк песо ай сайын 2%-ке девальвациялау туралы жоспарымен бөлісті. Қазір Аргентинадағы инфляция деңгейі 140%-тен асады. Тауар мен қызмет түрлері тағы 20-40%-ке өседі деген болжам бар. Жалпы ел билігі жылдар бойы жалғасып келе жатқан дағдарысты тоқтату үшін бірнеше министрлікті қысқартты. Капитал ағынына шектеу қойып, өңірлерге бөлінетін қаржы көлемін азайтты.