Әлемде 2050 жылы шөлге айналған жерлер 90 пайызға артуы мүмкін
Кейінгі 20 жылда ғаламшардағы жердің 40 пайызы деградацияға ұшыраған.
БҰҰ мамандарының пікірінше, оған аптап ыстық пен құрғақшылық тікелей әсер еткен. Соның салдарынан 3 миллиардтан аса адамға азық-түлік жетіспей, су тапшылығынан зардап шегіп отыр.
Панама соңғы екі жыл бойы бұрын-соңды болмаған құрғақшылықты бастан өткеріп келеді. Соның салдарынан елде тұщы су көлемі айтарлықтай азайып қалған. Атлант пен Тынық мұхиттарын байланыстыратын Панама каналы да тартылған. Осыған байланысты әкімшілік кемелердің қатынауына қатысты шектеу енгізді. Канал арқылы өтетін су көлігінің саны екі есе азайтылды. Мәселені шешу мақсатында енді ел билігі жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Биіктігі 80 метрден асатын бөгеттің құрылысына шамамен 1,6 миллиард доллар қаржы жұмсалмақ. Онда 1,5 миллиард текше метр су сақталады, дейді билік өкілдері. Сол арқылы құрғақшылық кезде транзиттік кеме санын арттырып, халықты ауызсумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Айта кетейік, қазір Панамада 2,5 миллион адам таза су тапшылығын сезініп отыр.
Иракта су жетіспеушілігінен қақтығыс басталуы мүмкін
Иракта да су тапшылығы мәселесі байқалады. Былтыр миллиондаған тұрғынды сумен қамтамасыз етіп келген Тигр және Евфрат өзендерінің деңгейі күрт азайып кетті. Мамандардың айтуынша, көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға төмендеген. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі суармалы алқаптар аумағын 2 есе қысқартуға мәжбүр. Жергілікті билік мәселені шешу үшін өзендердің бастауында орналасқан Түркия мен Ираннан көбірек су жіберуді сұрады. Алайда одан нәтиже болмады. Осы ретте Water Peace and Security partnership институты аталған мәселе бейбіт жолмен шешімін таппаса, көз ұзамай аймақта тіршілік көзі үшін қақтығыс тууы мүмкін екенін айтады.
БҰҰ: Әлемде 2050 жылы шөлге айналған жерлер 90 пайызға артуы мүмкін
БҰҰ: 2050 жылға қарай шөлге айналған жер аумағы 90 пайызға артуы мүмкін
Құрғақшылық пен шөлейттену әлемдегі ең жойқын табиғи апаттардың бірі. Біріккен Ұлттар ұйымының өкілдері осылай дейді. Себебі соның кесірінен егін құрдымға кетіп, орман өрті жиілеуі мүмкін. Су тапшылығы тағы бар. Ал ол халықтың азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді. Сондықтан шұғыл шара қабылданбаса, 2050 жылға қарай жер жүзі бойынша шөлге айналған алқаптар көлемі 90 пайызға артуы мүмкін. Кейінгі 20 жылдың өзінде құрғақшылық 29 пайызға жиілей түскен. Өз кезегінде ЮНЕСКО-ның жыл басында жасаған есебіне сәйкес, әлем бойынша 2 миллиардтан астам адам таза ауызсуға зәру. 3,5 миллиард азамат қауіпсіз санитарлық жағдаймен қамтамасыз етілмеген.