Корея президенті елде әскери режим жариялады

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль шұғыл мәлімдеме жасады.

Тікелей эфир арқылы халыққа жасаған үндеуінде әскери жағдай режимін жариялады. Мемлекет басшысы елді "коммунистік күштерден" қорғау мақсатында, яғни Парламентте басымдыққа ие Демократиялық партияның әрекеттеріне байланысты осындай шешім қабылдағанын мәлімдеді. Юн Сок Ёльдің сөзінше, бұл партия  Солтүстік Кореяның сөзін сөйлейді. "Мен Корей халық демократиялық республикасының мүддесін қолдайтын күштерді жойып, еркін конституциялық тәртіпті қорғау үшін әскери жағдай жариялаймын", - деді ол. Президент сондай-ақ ел аумағында енгізілген әскери жағдай азаматтарға қолайсыздық туғызуы мүмкін екенін айтып, билік оны барынша азайтуға тырысатынын жеткізді. Айта кетейік, соңғы кездері ресми Пхеньян мен Сеул арасындағы ахуал шиеленісе түсті. Экономикалық саясат пен ұлттық қауіпсіздік мәселері бойынша ішкі келіспеушіліктер күшейді.