Әлемдік банктер климат өзгерісін реттеуге атсалысады
Климат өзгерісінің зардабын бүкіл әлем тартып отыр. Тіпті жер бетіндегі кедейліктің 40%-і осы климаттың салдары.
Біріккен ұлттар ұйымы бүгінгі күнді халықаралық банк күні деп атап, оны кедейлік, яғни, климат салдарынан болған әлеуметтік теңсіздікпен күресуге арнаған. Жалпы климат өзгерістеріне, табиғи апаттарға адамзат қаншалықты дайын? Бұл жерде банктер атқаратын рөлі қандай?
Жаһандық жылыну күшейген сайын қаржы саласына түсетін ауыртпалық та арта түседі. Табиғи апаттардан банктердегі кепілдегі мүлік құнының төмендеуі мүмкін. Яғни, бұл борышкерлердің несиесін уақытылы төлемеуіне әкеледі. Осы салаларға немесе көлік сияқты қазбалы отынға тәуелді салаларға қомақты қаражат салатын банктер, сақтандырушылар және басқа қаржы институттары компаниялардың бір мезгілде банкроттыққа ұшырауына төтеп бере алмауы мүмкін. Климат өзгерісімен күресуге қарсы Париж келісімінен кейін АҚШ-тағы алты ірі банк – JP Morgan Chase, Citi, Wells Fargo, Bank of America, Morgan Stanley және Goldman Sachs қазбалы отын ресурстарын қаржыландыруға 1,8 трлн АҚШ доллар бөлген.
Сара Блум Раскин, АҚШ қаржы министрінің орынбасары:
- Қоршаған ортаны қорғап қалу үшін компаниялар, банктер, үкімет қазба отын түрлерін инвестициялауды, қазбалы отынмен байланысты барлық субсидияларды, қазба отынын пайдалануды дереу тоқтатуға тиіс.
Қазба отындары сияқты климат өзгерісіне тікелей ықпал ететін салалар сақтандыру компанияларына тәуелді. Өйткені мұнай, газ және көмір инфрақұрылымының көп бөлігі сақтандырусыз жұмыс істемейді. Мұнай-газ саласындағы мүлікті сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру нарығы 17,3 млрд АҚШ долларына бағаланады. Оның ең ірі үлесі америкалық сақтандыру компанияларына тиесілі. Олар ұсынатын андеррайтинг қызметтерінен басқа, сақтандыру компаниялары қазба отынының екінші ірі инвесторлары. 2016 жылы сақтандыру компаниялары мұнай-газ компанияларына 221 млрд АҚШ доллары және көмір компанияларына шамамен 2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған.
Әлемде жасыл банктер көбейіп келеді
Бұл ретте банктер экологиялық жағына мән беруге көшті. Мәселен, Нидерландтағы Triodos банкі 2030 жылдың соңына қарай жасыл экономикаға кем дегенде 500 млн еуро қаражат бөлетінін мәлімдеді. Бұл қаржылық қызметі тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғауға ықпал ететін жасыл банктердің өсіп келе жатқанын білдіреді. Бұл климатты қорғаудың бірінші әрекеті болмауы мүмкін, бірақ ақшаңызды қалай және қай жерде сақтау сіздің парниктік заттарды азайтуға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. 2022 жылы Ұлыбританияның ең ірі банкі Lloyds енді жаңа мұнай-газ жобаларын тікелей қаржыландырмайтынын мәлімдеді.
Зейнетақы жарналары тек зейнетке шыққанда пайдалану үшін жабық тұрған деп ойлауымыз мүмкін. Алайда бұл қаржыны инвестициялауға болады. Қазірде көптеген компания экологиялық таза нұсқаларды таңдайды, ал жеке тұлғалар тұрақты опцияларды таңдаудың маңыздылығын түсінеді, бірақ бұл қаржының бір бөлігі көмірсутек отындарын пайдалану үшін қаржыландырылуы мүмкін. Ұлыбританияда ересектердің жартысынан көбі зейнетақыларының климат өзгерісімен күресуге көмектескенін қалайды. Royal London жүргізген зерттеуге сәйкес, қазірде британдықтардың 15%-і жасыл зейнетақы қорына төлем салып тұрады. Make My Money Matter ұйымының зерттеуіне сәйкес, зейнетақыны экологияландыру адамның өз көміртегі шығарындыларын азайту үшін жасай алатын ең тиімді әрекеті болмақ. Егер зейнетақы қорларының орташа мөлшері 48 мың АҚШ доллары болса, тұрақты нұсқаға көшу жылына 19 тонна көміртегін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ричард Кертис, Make My Money Matter жобасының негізін қалаушы:
- Біздің зейнетақыларымыз – біз үшін планетаны қорғаудың ең қуатты қаруы. Ұлыбританияның барлық зейнетақы саласын жасыл етуіміз керек, оның қорын тұрақты етіп жасауымыз керек, сонда барлық салымшылар өздерінің зейнетақыларымен мақтана алады.