АҚШ-та заңсыз мигранттарды депортациялау үшін ЖИ қолданылуы мүмкін
Дональд Трамп президенттік қызметке кіріскен бойда заңсыз миграцияға қарсы ауқымды шараларды қолға алуға уәде берді, деп хабарлайды 24kz.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жоспарды іске асыру үшін жасанды интеллект қолданылуы мүмкін. Яғни, депортация шешімдері автоматтандырылып, АҚШ аумағында жүрген заңсыз мигранттар жылдам жаппай отандарына қайтарыла бастауы ықтимал. Бұл туралы бүгін АҚШ Қауіпсіздік департаментінің басшысы мәлімдеді. Алайда босқындардың құқығын қорғау ұйымдары мәлімдемеге алаңдаушылық білдіруде.
Беатрис Понсе де Леон, Чикаго қаласы мэрінің Мигранттар және босқындар құқықтары жөніндегі орынбасары:
- Трамптың заңсыз мигранттарды жаппай депортациялау туралы жоспары біздің қоғамға көп зиянын тигізуі мүмкін. Бұл отбасыларды бөледі. Экономикамыз бен елдегі саяси жағдайға кері әсер етіп, халықты үрейлендіреді. Бұл шешімдер елімізге еш жақсылық әкелмейді.
Трамптың серіктесі Джей Ди Вэнстың айтуынша, жаңа әкімшілік босқындарды жаппай депортациялау аясында жылына 1 млн адамды елден шығаруға ниетті. Бірақ сарапшылар: «Бұл елдің еңбек нарығына тұрақсыздық әкеліп, АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі 1,7 трлн долларға дейін азаяды», - дейді.
Айта кетейік, бүгінде АҚШ аумағында 11 млн-ға жуық заңсыз мигрант бар. Бұл – Америка халқының шамамен 3%-ін құрайды. Олардың 80%-і АҚШ-та 10 жылдан астам уақыт өмір сүріп келе жатқан адамдар.
Фредди Родригес, мигрант:
- Әрине, Трамптың әрекеттерінен қорқамын. Бірақ мен өз еліме қайтқым келмейді. Сондықтан қайткен күнде де тырысу керек. Трамптың президенттік қызметке кірісуін күтеміз, не болатынын содан кейін көреміз.