Италияда бал өндірісі қысқарды
Италияда бал өндірісі азайды.
Бәріне климаттың өзгеруі себеп. 2021-жылы елде 12 жарым мың тоннаға әзер жеткен тәтті өнім жиналды. Биылғы жағдай да мәз емес.
Италия Жерорта теңізінің жағасында орналасқандықтан климаты бал ара шаруашылығына қолайлы. Елдің оңтүстігінде мұнымен жыл бойы айналысуға болады. Солтүстігінде де шаруашылықтар көп. Солардың ең ірілері ПьемОнт аймағында орналасқан. Бірақ жергілікті омарташылар өндіріс жылдан жылға қысқарып келе жатқанын айтады. Массимо Карпинтеридің салада еңбек етіп жүргеніне 50 жыл боп қалған. Шаруа 2011-жылдан бері ауа райының құбылуы жиілеп, рекордтық температуралар орнады дейді. Содан биыл бал өндірісінің көлемі 15 пайызға азайған.
Массимо Карпинтери, омарташы:
"Жыл мезгілдері ауысып кеткендей. Қыс бұрынғыдай емес, әлдеқайда жылы. Ал көктемде керісінше, күн күрт суытып кетуі мүмкін. Мысалы, биыл мамырдың басынан маусымның ортасына дейін жаңбыр толастамай, күн жылымай қойды. Бұл бал өндірісі үшін қолайсыз. Өйткені күн суық болғанда, аналық аралар аз жұмыртқа салады."
Бұл жағдай тек бал өндірісі ғана емес, түрлі өсімдіктердің гүлдеуіне де кері әсер етіп отыр дейді омарташы. Ал БҰҰ-ның дерегінше, адамзат үшін маңызды 107 ауыл шаруашылығы дақылының 91-і аралардың тозаңдандыруына тәуелді екен. Бұл жәндіктерсіз 40 мың өсімдік өндірісі қысқарып, тіпті жойылып кетуі ғажап емес - дейді ғалымдар.
Симоне Този, Турин Университетінің доценті:
"Климаттың өзгеруі бірінші кезекте өсімдіктер әлеміне әсер етеді. Бұдан тек аралар ғана емес, басқа да тозаңдандыратын жәндіктер де зардап шегеді. Сөйтіп ауа райының құбылуынан көптеген өсімдіктің тіршілік циклы өзгеруі мүмкін."
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым дерегінше, биыл қаңтар айынан қыркүйекке дейін Жер бетіндегі орташа температура индустрияландыру кезеңіне дейінгі көрсеткіштен 1,5 градусқа жоғары болған. Париж келісіміне қол қойған әлем елдері оны 2 градустан асырмауға уағдаласты. Бірақ ғалымдар ахуал алаңдатарлық екенін айтады. Өйткені климаттың өзгеруі күшейіп, омарташылық сияқты көптеген салаға кері әсері көбейген.
Жулдыз Атагельдиева