Үнді мұхитындағы Францияға тиесілі аралда дауылдан адамдар қаза тапты
Францияның Үнді мұхитындағы Майотта архипелагында "Шидо" дауылы ойран салды.
Әзірге 14 адамның құрбан болғаны белгілі. Бірақ аймақ басшысы табиғи апаттан жүздеген, тіпті мыңдаған тұрғын опат болуы мүмкін деп мәлімдеді. Елдің Ішкі істер министрлігі әзірге көз жұмғандар санын нақтылау мүмкін болмай тұр деді. Сондай-ақ аралда жүз мыңнан астам заңсыз мигрант қоныстанған. Желдің екпіні сағатына 225 шақырымға жеткен. Тұрғын үйлер, үкімет ғимараттары мен бір аурухана қирады. Мамандар бұл кейінгі 90 жылдағы ең жойқын дауыл деп бағалаған.
Брюно Ретайо, Франция ішкі істер министрі:
"Арал толығымен қирады. Жергілікті халық "Банга" деп атайтын үйлер өте осал. Майоттадағы отандастарымыздың көбі мұсылман дінін ұстанады. Олар марқұмдарды 24 сағатқа жеткізбей жерлеп тастайды. Құрбандар санын тез анықтауға бұл да кедергі жасап жатыр. Бірақ қайтыс болғандар өте көп деп ойлаймын."
Мозамбикте дауыл 2 жарым млн адамға зардап әкелді
"Шидо" дауылы осы аралға жақын Мозамбикті де әбігерге салды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, жүздеген үй, мектеп пен медицина нысаны жермен-жексен болған. Мамандар 2 провинцияда 2 жарым миллион тұрғынның зардап шеккенін айтады.