Майотта тұрғындары Франция билігінің көмекті кешіктіргеніне наразы

Майотта тұрғындары француз Президентінің сапары кезінде өз наразылығын білдіріп, оның отставкасын талап етті.

Үнді мұхитында орналасқан бұл өңір Франция аумағы саналады. Өткен аптада мұнда Шидо дауылы ойран салып, 30-дан аса адам қайтыс болған. Құрбандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені құтқарушылар әлі күнге дейін кейбір өңірлерге жете алмай отыр. Табиғат апат салдарын өз көзімен көру үшін аймаққа Франция Президенті ұшып келген. Бірақ тұрғындар оның тым кеш әрекет ете бастағанын айтады. Сондай-ақ биліктен ешқандай көмек жоғына налиды. Айтуларынша, қазір таза ауыз су мен тамақ жетпей жатыр. Халықтың 80 пайызы жарықсыз қалған. Эммануэль Макрон: «Қажетті көмектің барлығы көрсетіледі», ­­– дейді. Мұнда Франциядан гуманитарлық жүктер келіп жатыр. Президент алдағы сағаттарда жарық пен су беру жүйесі ішінара қалпына келтіріледі деп уәде берді. Сондай-ақ көбірек құтқарушы мен дәрігер жіберемін деп отыр.