АҚШ Суданға қаржылай көмек көлемін ұлғайтады
Америкалықтар Судандағы азаматтық соғыс зардабын тартқан тұрғындарға көмекке 230 млн доллар бөледі.
Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы жария етті. Энтони Блинкеннің айтуынша, Шығыс Африкада орналасқан бұл елде қазір 25 миллион адам, демек халықтың жартысы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Өйткені мұнда былтыр көктемнен бері қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. Содан халықаралық ұйымдар көмекті жеткізе алмай әлек. Ашқұрсақ жүргендер көп. Атыс-шабыстан жергілікті инфрақұрылым нысандарына айтарлықтай зақым келді. Энтони Блинкен карулы қақтығыс басталғалы АҚШ Суданға шамамен 2,5 млрд долларға көмек көрсеткенін атап өтті.
Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:
- Қарулы қақтығыстан Судан әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарысқа тап болды. Кейбір мәлімет бойынша, екі сағат сайын елде аштықтан бір бала көз жұмады. Базарларға, ауруханалар мен босқындар лагеріне жиі шабуыл жасалып жатады. 3 млн-нан аса тұрғын көрші елдерге қашып кеткен. АҚШ Судандағы жанжалдасушы тараптардың бітімге келуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бүгін көмек ретінде біз тағы 230 млн доллар аударатынымызды жария етеміз. Осылайша, былтыр көктемнен бері Суданға бөлінген қаржы көлемі 2 млрд 300 млн доллардан асып кетті.