Берлинде мотоцикл мінген Аяз аталар қайырымдылық шеруін ұйымдастырды
Берлин көшелерінде 400-ге жуық мотоцикл мінген Аяз ата қайырымдылық шеруін ұйымдастырды. Шара биыл 27-ші рет өтіп жатыр. Германия астанасындағы байкерлер қауымдастығы осылайша мереке қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтерген.
Аяз ата мен Ақшақардан бөлек, Гринч, Миньон секілді заманауи мультфильмдерің кейіпкерлері мен Мыстан кемпір мен періште образындағылар жұрттың назарын аударған. Ал ең маңыздысы барлығы бірігіп, игі іс жасауға атсалысқан. Атап айтқанда, олар қаржы жинап, түрлі балалар ұйымдарына, фермаларға, үйсіз жандарға арналған баспаналарға қажетті материалдық көмек көрсеткен. Түрлі тұрмыстық заттарды да осы шеруде өздерімен бірге ала жүріп, аталған орындарға табыстаған.
Марк, шараға қатысушы:
- Қайырымдылық шарасы болған соң белсенді түрде қатысып жатырмыз. Мұқтаж жандарға көмек көрсетейік деп, қаржы да жинадық. Бір жағынан бұл шеру – мереке қарсаңындағы көңіл күйді көтерудің тамаша жолы.
Мануэла, шараға қатысушы:
- Мереке қарсаңында балалар мәз болсын деп қатысып жатырмын. Қызыл шапанымызды киіп алып, мотоциклді әдемілеп безендіріп, ізгі іске үлес қосу маған қуаныш сыйлайды.
Ларс, қала тұрғыны:
- Шеру тамаша өтіп жатыр. Байкер Аяз аталар балаларға арналған ұйымдарға көмектесіп, қажет дүниелерін алып беріп жатыр. Әке ретінде өте қуаныштымын. Қызым да мәз.