Ричард Хогланд: АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас нығая түседі
Дональд Трамп билікке келген соң АҚШ, Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен өзара байланысты арттыруды жалғастыра береді.
Себебі аймақтағы көшбасшы елмен серіктестікке мүдделі. АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хогланд осылай дейді. Дипломаттың айтуынша, Трамп билік тізгінін қолға алғаннан кейін АҚШ-тың сыртқы саудасында, энергетика, иммиграция саясатында өзгерістер болары анық. Сондықтан «мемлекеттің Орталық Азияға қатысты ұстанымы қалай болады деген сұрақтың туындауы орынды», - дейді.
Ричард Хогланд, дипломат :
- Трамп әкімшілігінің Орталық Азия елдеріне қатысты саясаты жақсы бағытта жалғасып, нығая түседі деп ойлаймын. Мемлекетіміз С5 елдеріне барынша қолдау көрсететініне сенімдімін. Жаңа билік мұнымен шектеліп қоймай Әзербайжан мен Оңтүстік Кавказ елдеріне көмектесіп, оларды C5-ке қосуға күш салатын шығар деп ойлаймын.
Хогландтың пікірінше, Қазақстанның көпвекторлы саясаты жоғары бағаланады. Ал жүргізіп жатқан реформалары халықаралық қауымдастықтың көңілінен шығып отыр. Әсіресе дәстүрлі энергия қуатын өндіру жолынан атом электр энергиясына көшуі заман талабына сай қабылданған орынды шешім болды.
Ричард Хогланд, дипломат:
- Қазақстанның әлемнің барлық елімен жақсы қарым-қатынаста болуы ерекше құрметке ие. Еуроодақ, Қытай, АҚШ, Ресей бәрімен бірдей тығыз байланыста. Досы көп, жауы жоқ елдің саясатын ұстанады. Ал АЭС салу туралы идеясы мемлекеттің тұрақты энергия көзін қалыптастыруға ұмтылысы деп білеміз.