Ұлыбританияда түрлі стартапты қолға алған қазақ жастары көбейді
Лондонда жаңа технология саласында жұмыс істейтін 250-ге жуық қазақ баласы бар. Олар Еуразиялық стартап хабы қанатының астында бірігіп, инновациялық жобаларын жүзеге асырып жүр.
Орталықтың мақсаты жастарға әлемдік нарыққа шығуға көмектесу, инвесторлармен байланыс орнату. Сол арқылы еліміздің дамуына үлес қосу.
Жәнібек Қаймульденов Павлодардың тумасы. Лондонға 3 жыл бұрын көшіп келіп, толықтырылған шындық технологиясына негізделген стартап жобамен айналысып жүр. Ол ойлап тапқан көзілдірік арқылы қолданушы әйнек экранынан қосымша ақпарат оқи алады. «Мета» компаниясы, «Ореон», «Снапчат» компаниясы «Спектаклс» атты көзілдіріктің болашақ үлгілерін таныстырғаны белгілі. Бірақ олар әзірге қымбат және қарапайым халыққа қолжетімсіз. Екі жылдан кейін ғана жалпы саудаға шығарылмақшы. Ал Қазақ баласы бұл құрылғыны жалпақ жұртқа бәрінен бұрын ұсынуды жоспарлап отыр.
Жәнібек Қаймүлденов, стартапшы:
- Бұл технологияның көпшілікке әлі жетпегені түсінікті. Бірақ 10 жылдан кейін оны адамзат кеңінен қолданады деп сенемін. Алпауыт компаниялар соған жетемін дегенше, менің өнімім көш ілгері болсын деп бәрінен бұрын әрекет етіп жатырмын.
Еуразиялық стартап хабта осындай 250-ге жуық дарынды отандасымыз жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты сол жастарға көкжиектерін кеңейтуге көмектесу, әлемдік нарыққа шығуға жол ашу. Сол арқылы елімізді көркейтуге де үлес қосу. Хабтың басы-қасында жүрген жігіт - Алматының тумасы Нұрдәулет Базылбеков 10 жылдан бері осында білім алып, қаржы саласында жұмыс істеп үлгерген. Қазір стартапшылардың басын қосып, қолдау көрсетіп жүр.
Нұрдәулет Базылбеков, Eurasian Startup Hub-тың негізін қалаушы:
- Олар біраз стартап жасайды. Өздерінің жобалары болады. Соларға көмектесіп, инвесторлармен кездестіруге барлық жағынан сол көмек беруге тырысамыз. Біздің үйіміз – Қазақстан. Ол жақта нені жақсартуға болады? Ол жақта ақындарымыз бар.
Хабтың соңғы жаңалықтарының бірі 2 стартапшы акселерациялық бағдарлама деңгейіне жетіп отыр. Әрқайсысы өз жобаларын дамытуға 100 мың фунт көлемінде инвестиция тартып үлгерді. Бұл жарты жылда ғана қол жеткізілген жетістік. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырамыз дейді қазақ жастары.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы