RTVI: ұшақ жолаушыларының көбі – Әзербайжан азаматтары
Azerbaijan Airlines-тың Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауы әлемдік ақпарат құралдарының назарын аударды.
Шетелде апат себебінің қандай нұсқалары талқыланып, жолаушылар туралы не жазып жатыр?
RTVI халықаралық агенттігі дерек көздеріне сілтеме жасай отырып, әуе кемесінде 105 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болды деп хабарлады. Бұл рейспен Ресейдің 15-ке жуық, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан азаматтары ұшқан. Жолаушының көбі – Әзербайжан азаматтары. 12 адам Маңғыстау облысының аурухасына жеткізілді. Арасында бір бала бар.
The Guardian: ұшақ тұманға байланысты бағытын өзгерткен
«Әзербайжан Эйрлайнз» жолаушылар ұшағы Бакуден Грузияға бара жатқан. Бірақ тұманға байланысты бағытын өзгерткен. Әуе кемесі Ақтау қаласының маңына мәжбүрлі түрде шұғыл қонбақ болған. Бұл туралы британиялық «Гардиан» хабарлады. Басылым 25 адам тірі қалды деп жазды.
Sky News: апат орнында 50-ден астам құтқарушы жұмыс істеп жатыр
Ұшақ бағытын тұманға байланысты өзгертті деп Sky news да жазды. Британиялық ақпараттық телеарнаның хабарлауынша, апат орнында 50-ден астам құтқарушы жұмыс істеп жатыр, өрт сөндірілген, жарақат алғандар жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.
BBC: Қазақстанда ұшақ апатқа ұшырады
Ақтау маңындағы ұшақ апаты жөнінде Британияның хабар тарату корпорациясы жазды. "Би-Би-Си" Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі әуе кемесі жерге құлап, отқа оранды деп хабарлаған. Өрт тез арада сөндірілген. Басылым тірі қалғандар бар дейді, бірақ нақты цифр көрсетпеген.