Израиль Йеменді бомбалай бастады

Израиль енді Йемендегі Иранмен одақтас «Хуситтерге» қарсы жойқын шабуылды бастады. Ел астанасы Санада халықаралық әуежайды бомбалап, жұрттың үрейін ұшырды. 

Сондай-ақ хуситтердің «Әл-Масира» телеарнасы және Әл-Ходейда провинциясында Рас-Иса порт терминалы, сондай-ақ электр стансалары шабуылға ұшыраған. «Фрэнс 24» телеарнасы әуе соққыларынан 6 адам қаза тапты деп хабарлады. Тағы 16-сы жараланып, 3 тұрғын із-түссіз жоғалып кеткен. Шабуылдарды Израиль билігі растады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху «Бұл әлі басы» деп айтқан. Ал хуситттер тарапынан әзірге ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ.

Стефани Тремблей, БҰҰ Бас хатшысының өкілі:

- Бас хатшы Йемен мен Израильдің қарым-қатынасының ушығып жатқанын айыптайды. Израиль аяусыз шабуыл жасап жатыр. Өте алаңдатарлық жағдай. Әуе соққылары кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық қызметкері жараланған. Шабуыл кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос басқарған жоғары деңгейдегі делегациясы сол әуежайда болған. Израиль әрекеті бейбіт тұрғындардың өміріне, аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр.