Германия: бундестаг тарап, сайлау күні ресми бекітілді
Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Бундестагты таратып, ресми түрде сайлау күнін бекітті. Бұл шешімге елдің қазіргі канцлері Олаф Шольцтің парламенттегі сенім вотумынан айрылуы себеп болды.
Өз сөзінде Штайнмайер «халыққа мәселелерді шеше алатын үкімет қажет екенін» шегелеп айтты. 23 ақпанға бекітілген сайлауға кімдер қатысады? Алмания үкіметі ауысқан жағдайда Қазақстанға әсері қандай болмақ?
Геосаяси қиындықтар Германия үкіметін де әбігерге салды. Олаф Шольц өткен айда экономика министрі Кристиан Линднермен федералды бюджет бойынша мәмілеге келе алмай, жұмысынан босатқан еді. Артынша парламенттегі билеуші коалиция ішінде алауыздық пайда болып, канцлерге сенімсіздік вотумы жарияланды. Бұл келер жылы қыркүйекте болатын сайлауды 7 айға алға жылжытты.
Фредрик Рихтер, тұрғын:
- Сайлаудың мерзімінен бұрын өтетіні өте дұрыс шешім деп санаймын. Биліктегілер келіспеушілік салдарынан тығырыққа тіреліп бітті. Бұл түрімен келесі жылдың қыркүйегіне дейін саяси шиеленіске куә болар едік.
Анна Чамер, тұрғын:
- Мен де сайлаудың ерте өткелі жатқанын қолдаймын. Себебі қордаланған мәселелер күтіп тұрмайды. Ал үш партиялы үкіметтің алауыздығы нақты шешімдердің қабылдануын тежеп тұр.
Cебастьян Крэмер, тұрғын:
- Германия үкіметі тек өзара түсіністік болғанда ғана алға басады. Алдағы сайлауда және оның нәтижесінде билікке келетіндерге дәл сол дүние қажет деп ойлаймын. Және халықты сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырамын. Әйтпесе демократияға қауіп төнеді.
Еуропадағы демократияға қауіп төніп тұрғанын Президент Штайнмайер де тілге тиек етті. Румыниядағы сайлаудың нәтижесін мысалға алды. Илон Масктің Х желісі арқылы ықпал етуіне абай болуға шақырды.
Себебі Трамптың басты кеңесшілерінің бірі Маск қазірден Германиядағы сайлауға қатысты өз таңдауын жариялап тастады.
Жалпы бұл елде 83 млн халықтың 61 миллионы дауыс беруге құқылы. Олардың шешімі қай партияның қанша адаммен Бундестагта отыратынын айқындайды. Ал сол партиялардың депутаттары кімнің канцлер боларын шешеді. Әзірге сайлауалды сауалнамаларда үш үміткердің салмағы басым. Олар қазіргі канцлер, социал демократтар партиясынан шыққан Олаф Шольц, бұрынғы канцлер Ангела Меркельдің Христиан демократтар партиясынан шыққан Фридрих Мерц және әсіре оңшыл аталып, Илон Масктің фавориті «Германияға балама» партиясынан шыққан Алис Вайдель. Ал осы биліктегі өзгерістер Қазақстанмен қарым-қатынасқа қалай әсер етуі мүмкін?
Томас Хельм, Германия-Қазақстан қауымдастығының төрағасы:
- Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастың негізі мығым. 32 жылдың ішінде билік басында қай партия болса да ынтымақтастығымыз табысты түрде дамып келді. Және қазіргі аумалы-төкпелі заманда достықты үзуден бұрын, нығайту аса маңызды. Сондықтан алдағы сайлауда кім жеңіске жетсе де, Қазақстанға деген достық пиғылымыз тек нығая түсері анық.
Манфред Грунд, Германия бундестагінің депутаты:
- Қандай нәтиже болса да, Қазақстан мен Германия арасындағы қарым қатынасқа сызат түспеуі керек. Парламенттеріміздің байланысы берік бола түскені екі жаққа да тиімді. Мен мандатымнан айырылсам да, мен секілді Орталық Азияға, Қазақстанға қызығушылық танытатын депутаттардың боларына сенімім мол. Өз басым соған ат салысуға тырысамын.
Германияға аумалы төкпелі заманда сенімді стратегиялық серіктестер қажет-ақ. Одан бөлек ел президенті жұмыссыздықтың артуына, Таяу шығыс пен Украинадағы жағдайдың ушығуына, миграция мәселесіне, климаттың өзгеруіне қатысты тиімді шешімдердің қабылдануына назар аударды. Осыған орай партиялар да қызу дайындық үстінде. Екі ай ғана уақыт қалды.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан