Мәскеу Жаңа жылды қарсы алуға дайын
Жаңа жылда Ресей астанасына төрт милионнан астам турист келеді деген болжам бар.
Сарапшылар мереке қарсаңында Мәскеуге демалуға келген шетелдіктер қарасы көбейгенін айтады. Пойыз билеттері де түгелдей сатылып кеткен. Туристер Мәскеуге неліктен ағылып жатыр?
Дана Нұржан, тілші:
- Ресейдің бас шыршасы әдеттегідей Қызыл алаңда бой көтерді. Бұл жерге жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында мыңдаған адам келеді. Олардың дені туристер. Мәскеу билігінің мәлімдеуінше, жергілікті қонақүйлердің 65 пайыздан астамы алдын ала жалға алынып қойған. Бір қызығы мейманханалардағы әр бесінші қонағы – шетел азаматы. Яғни, Мәскеуге келіп жатқан туристердің көбі өзге мемлекеттерден.
Биыл әсіресе араб елдерінен меймандар көп. Оның ішінде Сауд Арабиясы, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері өкілдерінің қарасы қалың. Бұған қарап Мәскеуге саяхаттаған шетелдіктер арасында жаңа тренд – "арктикалық туризм" қалыптасып жатыр деп айтуға болады. Бұған қоса биыл Жаңа жылдық демалыс 8 қаңтарға дейін ұзартылғандықтан ішкі туризм де жанданған.
Дана Нұржан, тілші:
- Билет алып үлгергендер міне біз секілді Қызыл алаңдағы шыршаны тамашалай алады. Бірақ Мәскеуге билеттер бір апта бұрын сатылып кеткен.
БЛИЦ :
- Мәскеу бұл күндері ерекше әдемі. Ауа райы жылы болғанымен, барлық жерде жаңа жылдық көңіл-күй.
- Жаңа жылда махаббат тілеймін! Әр адам өз махаббатын тапсын!
- Аспанымыз ашық болсын, бәрімізге бейбіт өмір тілеймін!
- Жаңа жыл аяқ басып келіп қалды! Жақсылап қарсы алайық.
Дана Нұржан, тілші:
- Жергілікті билік «Мәскеудегі қыс» жоба аясында екі мыңға жуық жаңа жылдық жәрмеңке ұйымдастырды. Самауырдан шай тарату, шаңғы мен тюбинг тебу, түрлі концерттер мен балаларға арналған ойындар – мұның бәрі ақпан айының соңына дейін жалғасады.