Түркияда халықтың 30%-ы семіздікке шалдыққан
Түркия семіздікке шалдыққан жандар саны бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді.
Бұл - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі. Осы елдің Гастроэнтерология қоғамының президенті доктор Мехмет Жиндорктың айтуынша, бүгінде Анадолы халқының 30%-ы артық салмақтан зардап шегеді. Түркияда семіздіктің алдын алу және онымен күресу үшін бірқатар бағдарламалар қабылданған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін арнайы оқу орталықтары да құрылған. Мамандар артық салмақпен күресудің басты алғышарттары – дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділік және теледидарды көп көру, компьютерлік ойындар ойнау сияқты әдеттерді азайту екеніне назар аударады.
Мехмет Жиндорук, Түркия Гастроэнтерология қоғамының президенті:
- Семіздік – тек салмақ мәселесі емес, бұл - дерт. Әлемнің барлық дамыған және дамушы елдерінде де өте өткір тұрған түйткіл. Түркия семіздікке шалдыққан жандар саны бойынша АҚШ-пен бірдей деңгейде десе болады. Бұл аурудың қаупін көрсететін карта бойынша біздің ел АҚШ-пен бірдей қызыл түспен белгіленген. Мәліметке жүгінсек, біздің қоғамымыздың 30%-ы семіздікпен ауырады.