Неміс ғалымдары өзен ағысынан энергия өндіретін құрылғы ойлап тапты

Алмания ғалымдары судан қуат алатын құрылғыны кеңінен қолданбақ.  «Энерджи фиш» яғни «темір балық» деп аталатын құрылғы электр қуатын өзен ағысының жылдамдығынан өндіреді.

Оны тереңдігі бір метрден асатын кез келген ағынды суға зәкір арқылы орнатуға болады. Салмағы 100 келі болатын бір құрылғы 5 шаңырақты токпен қамтамасыз етеді. Ал құрылғыны орнатуға небәрі бір апта ғана уақыт қажет. 

Георг Вальдер, өнертапқыш:

- Бұл құрылғы өзендер мен каналдарға арналып жасалды. Автономды түрде жұмыс істейді. Оның басты артықшылығы шалғайдағы елді мекендерге қажетті энергияны сол өңірдің қасында өндіре береді. Бұл энергетика саласына зор ықпал етеді деп ойлаймын. Себебі қуатты алып су қоймаларын салмай алуға мүмкіндік береді.

Юрген Гайст, Су асты биологиясының профессоры:

- Қазір осы темір балықтың турбиналары тірі балықтарға қалай әсер ететінін зерттеп жатырмыз. Су асты жүйесіне бөгде зат болған соң, ондағы тіршілікке зиян келтірмеуін ескеруіміз керек қой.