Ұлыбританиядағы Димаштың жанкүйерлері жаңа жылмен құттықтады

Ұлыбритания халқы қазақстандықтарды келе жатқан жаңа жылымен құттықтады. Әдеттегідей Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері белсенді. Сүйікті әншісінің әндерін түсіну үшін қазақ тілін үйреніп, елде болып жатқан жаңалықтарды мүлт жібермейтін фан-клуб мүшелері жаңажылдық ақ тілектерін жолдап жатыр.

Бұл - 2018 жыл. «О2 Индиго» атты Лондондағы ең үздік концерт алаңдарының бірі. Эд Ширан, Шэгги сияқты әлемге танымал жұлдыздар өнер көрсеткен сахнаға 6 жыл бұрын қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де шықты. Залда ине шаншар орын болмады. Димаштың ән кешін 46 мемлекеттің өкілдері келіп көрді. Британиялық көрермендердің белсенділігі тіпті жоғары болды.

Дала даусымен дүниені дүр сілкіндірген дүлдүл әншіміздің өнеріне тәнті болған жергілікті тыңдармандар «Ұлыбритания және дүниежүзі» атты фан-клуб құрып, мәдениетіміз бен салт-дәстүрлерімізді меңгере бастады. Ұлттық тағамдарымызды жақсы көреді. Араларында Қазақстанға саяхаттағандар көп. Сүйікті әншісінің әндерін түсіну үшін Ұлы Абай тілін үйреніп жатқандары қаншама?!

Себастьян Данн, фан-клуб мүшесі:  

- Ағылшын тілінің мұғалімі болған соң басқа тілдерді де меңгергім келеді. Қазақ тілінің дыбысталуы өте ұнайды. Өткен жылы өздігіммен үйренуге кірістім. Фан-клуб мүшелерімен де бірігіп оқып жүрмін.

Димаштың жанкүйерлері үшін биылғы жыл табысты болды. Сүйікті әншісінің Астана, Дюссельдорф, Ыстамбұл және басқа қалаларда өткен концерттеріне барып көріп, ерекше әсер алды. Қазақстанның Республика күні, Наурыз сияқты мерекелерде бас қосып, бірге атап өтті. Батыс Қазақстан облысында қызыл судан зардап шеккен өңір тұрғындарына қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарға жылы лебізін жеткізіп, ыстық ықыластарын білдірді. 

Джилл Бичeм, фан-клуб басшысы:

- Біз Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды үнемі бақылап отырамыз. Қуаныштарыңызға ортақтасып, қиын сәттерде қолдан келгенше демеуге тырысамыз. Алдағы жылан жылы сіздерге тек жақсылығын әкелсін. Қазақстан халқының берекелі бірлігі, тату тірлігі таусылмасын.

Димаш жанкүйерлерінің келер жылдан күтері көп. Олар сүйікті әншісі тұманды Альбионға тағы келіп, Лондон сахнасында өнер көрсетсе деп тілейді.