Индонезия цунамиді алдын ала ескертетін жүйені сынақтан өткізіп жатыр

Индонезияда цунами болатынын алдын ала ескертетін жаңа жүйе сынақтан өтіп жатыр.

Технология қалыпты уақыт режимінде ақпарат жинап, сараптайды. Елде қазір осындай 20-дан астам құрылғы орнатылған.

28 жастағы Теуку Хафид Худудиллах сейсмометр графикасын мұқият қарап жатыр. Онда секунд сайын жерастындағы титімдей болсын тербелістердің көрсетіші беріледі. Бұл жігіт цунамидің қасіретін бір кісідей тартқан. 2004 жылы алып толқындар оның бүкіл отбасын жұтып қойды. Осыдан кейін Теуку цунамиді зерттеуге бүкіл ғұмырын арнауға бел буған. Ол Индонезияның Метеорология, климатология және геофизика агенттігінің мамандар тобына кіреді. Олар күнде бақылау жасайды. Жаңа құрылғылардың мәліметін зерделейді.

Теуку Хафид Худудиллах, Индонезияның Метеорология, климатология және геофизика агенттігінің қызметкері:

"Біздегі цунамиді ескертетін жүйе кейінгі 20 жылда толығымен жаңартылды. Әр құрылғы акселерометр мен сейсмометрден тұрады. Олар жерастындағы ең болмашы деген тербелістердің өзін назарда ұстайды." 

Бұл ұсақ тербелістерді әдетте адамдар сезе алмайды. Бірақ олар алып цунами туралы ақпарат беруі мүмкін дейді мамандар. Нақты қатер төнген жағдайда тұрғындарға смс-хат, радио немесе дабыл арқылы белгі беріледі.

Теуку Хафид Худудиллах, Индонезияның Метеорология, климатология және геофизика агенттігінің қызметкері:

"Біздегі мәлімет бойынша, біздің аймақта ай сайын жүзден астам жер сілкінісі болады. Осы құрылғылардың арқасында біз бәрін біліп отырамыз. Осындай техникалық мүмкіндіктің болғанына өте қуаныштымын. Бұл үлкен кісі шығынының алдын алуға көмектеседі."  

Жүйе қолда бар мәліметтер негізінде цунамидің ауқымы мен салдарын да алдын ала анықтай алады. Тұрғындарды табиғи апаттарға дайындау үшін арнаулы үйрету трениңдері өтіп тұрады.

БЛИЦ

1 "Жаңа жүйе шынында миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп ойлаймын. Бірақ биліктің инфрақұрылымды жақсартуға да жеткілікті көңіл бөлгені дұрыс. Көшелеріміз өте тар. Цунами болса, жүріп-тұру қиын болады."

2 Бұл құрылғылар көп адамды аман алып қалады деп сенемін. Көп жадғайда біз цунамидің болатынын білмей, сорлап қаламыз." 

2004 жылдың 26 желтоқсанында Сумарта аралының жанында жер сілкініп, жойқын цунами тудырды. Табиғи апаттан 126 мыңнан астам адам көз жұмған. Цунамиден Индонезиядан бөлек Үндістан, Шри-ЛанкА, Бангладеш, Мьянма, Таиланд пен Малайзия да ауыр зардап шекті.

Ернат Рахметолла, Әсел Әбдіхалықова