Аштық: Газа секторындағы балық шаруашылығына қолдау қажет
Газа секторын аштық нәубетінен балық шаруашылығы құтқарады. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері осылай дейді. Жергілікті балықшылар да бұл пікірді қостайды. Десе де теңіз бетіне шығып, емін-еркін балық аулау қазір өте қауіпті. Бұған қатысты балықшылардың өз уәжі бар.
Жерорта теңізін жағалай орналасқан Газа секторы үшін балық аулау негізгі күнкөріс көзі болатын. 6 мыңнан астам балықшы осы саладан табыс тапты. Алайда былтыр 7 қазанда қақтығыс ушыққалы бері балық шаруашылығы саласындағы күнделікті өнім көлемі 7,3%-ке төмендеп, 17,5 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келген. Аймақтағы екі ірі шаруа қожалығы жабылуы мен құрал-жабдықтардың жойылуы жергілікті балықшылардың жағдайын қиындатып жіберді.
Ахмед әл-Эджла, «Әл-Тауфиқ» балықшылар қоғамының жоба үйлестірушісі:
- Израиль 50 немесе 100 метрге дейін теңіз бетіне шығуға тыйым салды. Қазір балықты бұрынғыдай емес, жанымызды шүберекке түйіп аулаймыз. Әр адам өз бас амандағына өзі жауап береді. Әрине, қиын. Бірақ біршама өнім алуға болады.
Газаның балық өнеркәсібіне келтірілген залал онсыз да күрделі азық-түлік қауіпсіздігі дағдарысын күшейтті. Қақтығысқа дейін балық аулау маусымы кезінде күніне 15,20 тоннаға дейін балық ауланса, қазір балықшылар: «Қармаққа 3-5 келі балық ілінсе, қуанатын болдық», – дейді.
Халед Радван Ахмад әл-Лахам, балықшы:
- Тек теңіз бетін ашса деген тілек. Басқа еш нәрсе сұрамаймыз. Қазір ішерге ас табылмайтын қиын шақта балық аулап, тұрмысымызды қайта қалпына келтіруге болады.
Балықшылар Израиль тарапынан төнген үлкен қауіпке қарамастан балық аулауды тоқтатқан жоқ. Аймақ балықшылары қиын-қыстау шақта 100 мыңнан астам адамды балықпен қамтамасыз еткен.
Авторы: Фариза Жанғанаева.