Климаттың өзгеруінен әлемде ыстық күндердің саны 41-ге артты
Климаттың өзгеруі салдарынан жер бетінде ыстық күндердің саны артты. Нақтырақ айтсақ, 41 күнге көбейген. Зерттеу жүргізген ғалымдар осындай қорытындыға келді. Сарапшылардың мәліметінше, былтыр аптап салдарынан шамамен 4 мың адам көз жұмған. Миллиондаған адам қауіпсіз аймақтарға көшірілген.
2024 жыл әлемде ыстық күндердің саны 41-ге артып, рекорд орнады. Мұндай қорытындыға World Weather Attribution және Climate Central ұйымдарының зерттеушілері келді. Олар климаттың өзгеруін ескере отырып, ауа температурасы бойынша деректерді салыстырған. Аталған екі ұйым да климатты, ауа райы құбылыстарын және олардың қоршаған ортаға әсерін зерттеумен айналысады.
Кристина Даль, «Climate Central» ұйымының климатология жөніндегі вице-президенті:
- Биыл жер бетіндегі азаматтар климаттың өзгеруінен қосымша 41 күн аптапты бастарынан өткерді. Бұл орташа көсерткіш. Мысалы, Гренада, Тринидад және Тобаго сияқты аймақтарда биылдың өзінде аптап ыстық 150 күннен астам уақытқа созылған.
Ғалымдар былтыр 29 экстремалды ауа райы құбылысын, оның ішінде құрғақшылық, шамадан тыс ыстық, су тасқындары мен құйындарды зерттеді. Оның нәтижесі бойынша 26-сы жаһандық жылынумен тікелей байланысты екені анықталды. Мәселені шешу үшін мамандар енді көмір, мұнай және газдан толық бас тартып, парниктік газдар қалдықтарын азайту қажет екенін айтады.
Фридерика Отто, Лондон империялық колледжінің климатологы:
- Біз зерттеген оқиғалардың басым көпшілігінде климаттың өзгеруінен ыстық, құрғақшылық, тропикалық циклондар мен нөсерлер үдей түскен. Бұл құбылыстар миллиондаған адамның өмірі мен тұрмыс жағдайын қиындатты. Егер біз одан да экстремалды жағдайлардың алдын алғымыз келсе, қазба отынынан мүмкіндігінше тезірек бас тартуымыз қажет.
Ғалымдар Париж келісімінде көрсетілгендей, планетамыздың ауа температурасы 1,5 градусқа жоғарылауға жақын қалғанын ескертеді. Егер шұғыл шаралар қабылданбаса, жаһандық жылыну жақындай түседі.
Авторы: Дана Ермак.