Түркияда 1 миллионға жуық курьер жұмыс істейді
COVID-19 пандемиясы Түркиядағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертті, деп хабарлайды 24KZ. Қатаң сақтық шаралары енгізілген тұста бірнеше саланың жұмысына ғана рұқсат берілді. Солардың бірі – курьерлік қызмет. Жұрт жаппай осы бағытқа кірісіп кетті. Қазір қызметтің бұл түрі түркиялықтар үшін тұрақты табыс көзі болып отыр.
Түркияда курьер қызметіне сұраныс өте жоғары. Себебі түсінікті: электронды сауда белең алған. Тұтынушылар дәрі-дәрмектен бастап, азық-түлік, құжат пен тамақты онлайн тапсырыспен алғызады. Анадолы жерінде барлық сауда орындары курьерлермен келісім жасасқан. Оларға талап аса қатаң емес. Университет дипломы талап етілмейді. Ерлер мен әйелдерге қатысты шектеу жоқ, бәріне рұқсат бар. Тек бір ғана шарт: жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуді бастауы тиіс.
Бурак Адияман, курьер:
- Курьер ретінде жұмыс істеу үшін алдымен 18 жастан асқан болуыңыз керек және тәжірибе сұралуы мүмкін. Кейбір компаниялар үміткерлердің соттылығы туралы жазбасын тексере алады. Бастысы, жеке кәсіпкерлік ашуыңыз керек. Бұл сізге салық төлеуші ретінде тіркелуді талап етеді. Компанияңызды құрғаннан кейін салық төлеу куәлігін алуыңыз қажет. Еркін маман ретінде әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелу міндетті. Өз көлігіңізбен жұмыс істеуіңіз немесе көлік жалдауыңыз мүмкін. Көлігіңіздің сақтандыруы мен барлық қажетті құжаттары толық болуы тиіс. Кейбір компаниялар денсаулық анықтамасын сұрауы мүмкін.
Курьерлерге түрлі оқу курстары, қызмет көрсету дағдыларды арттыру бағдарламалары ұсынылады. Бұл олардың жұмысын тиімді және қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
Эрай Саклак, курьер:
- Мотоцикл мінгенді жақсы көремін. Табыс та табуым керек. Сүйікті әрі қажетті жұмысымды істеп жүрмін. Жалақысы да жаман емес. 8 жылдан бері осы саладамын. Тек жолда қауіп жоғары. Ыстық тамақ тасымалдаймыз. Суып қалмауы үшін жылдам әрекет ету керек. Кейде жол ережесін бұзып та жатамыз. Әлі жаспын ғой. 10-15 жылдай осы салада жүретін шығармын.
Түркияда курьерлер саны 1 млн-ға жуық. Бірақ ресми тіркелгендер саны өте аз. Бүкіл Анадолы мотоцикл курьерлер федерациясының мәліметі бойынша 1/9-ы ғана тіркелген. Курьерлік қызмет көрсететіндер жиі жол апатына ұшырайды. Бұған басты себеп – компания мен тапсырыс берушінің жылдамдықты талап етуі. Жыл сайын 200-ге жуық мотоцикл курьері жол апатынан көз жұмады. Әрі курьерлердің жұмыс режимі жоқ. Осыған байланысты түрік билігі, жуырда тамақ және жүк тасымалдау сияқты жылдам жеткізу жасайтындарға жеке мәртебе енгізбек. Осылайша олардың жұмыс уақытын шектеу қарастырылып отыр. Ережені бұзғандар қатаң жазаланбақ.
Авторы: Меруерт Қанағат.