Кореяда алғаш рет қазақ тілінде спектакль көрсетілді
Оңтүстік Кореяда алғаш рет қазақ тілінде спектакль көрсетілді.
Қазақстанның академиялық корей театры әйгілі «Кумихоның құшағы» қойылымының премьерасын ұсынды.
Кумихо — тоғыз құйрықты түлкі, ер немесе әйел кейпіне ене алатын мифологиялық кейіпкер. Ол туралы Оңтүстік Кореяда сериал да түсірілген. Сондықтан сеулдік көрермендерді Кумихо туралы аңызды қазақстандық әртістер қалай баяндайтыны қызықтырды. Актерлер құрамында бірнеше ұлт өкілдерінің қатысқаны және Қазақстан әртістерінің корей тілін жетік меңгергені таңқалдырды.
Пак Чон Джа, Корея Республикасының халық артисі:
- Бұл керемет қойылым болды. Спектакльдің басынан соңына дейін сахнадан керемет әсер алдым. Мен күткеннен де асып түсті. Қойылымға қатысушылар мен көрермендер үшін ең бастысы – біртұтас болу. Біз соны сезіндік.
Сон Хен Ок, Сеул қаласы әкімінің жұбайы:
- Бүгін театр өнерін ғана емес, физикалық қимыл әрекеттердің де шеберлігін көрдік. Спектакль осы жағынан әсер сыйлады.
Қоюшы режиссер Анна Цойдың айтуынша, барлық жанрды біріктіруге тырысқан. Олар опералық ән, балет және барабанда ойнау. Алматы театрының тарихында алғаш рет тек қуыршақ қана пайдаланылыпты.
Анна Цой, спектакльдің коюшы режиссері:
- Әр адам өмірде болып жатқан ғажайыптарға сенгісі келеді деп ойлаймыз. Сондықтан театрға барып, басқа өмірге еніп, махаббаттың қаншалықты әдемі болатынын көргіміз келеді. Тек жақсылық арқылы, біреуді өлтірмей бақытты өмір сүруге болатынын түсінеміз, Кумихо дәл осындай таңдау жасауы тиіс.
Сеулдегі «Кумихоның құшағы» спектаклінің премьерасы Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті. Алматы академиялық корей театрының әртістері жылына кемі бір рет гастрольмен Оңтүстік Кореяға барады. Осылайша, екі ел арасындағы мәдени көпір рөлін жалғастырып келеді.
Владислав Цой, Ольга Лян