Өзбекстанда АИ-80 маркалы жанармай сатылмайды
Өзбекстанда АИ-80 маркалы жанармай жыл соңына дейін сатылымнан шығарылады.
Ала шапанды ағайын еуро-4 экологиялық стандартына өту үшін мазуттан да бас тартпақ. Қазір көрші елде Аи-80 маркалы жанармайдың литрі біздің ақшаға айналдырғанда 331 теңгеден сатылады. Ал Аи-92 435 теңге шамасында. Экологтардың айтуынша, бұл шаралар елдегі ауаның ластану көрсеткішін біршама азайтуға сеп болмақ.
Өзбекстан Еуро-4 стандартына 2028 жылы ауысуы керекті. Алайда елдегі экологиялық ахуал мен жасыл экономикаға басымдық берілгеннен кейін, бағдарлама жеделдетіліп отыр.
Бахром Эсанов, Өзбекстан Экология министрлігі атмосфералық ауа қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы:
- Егер халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, Еуропа елдері 4-экологиялық стандартқа 2005 жылы өтіп кеткен. Жалпы ауаның ластану процесін екі топқа бөлуге болады. Бірі табиғи фактор. Ол құрғақшылық пен жауынның аздығы. Екіншісі техногенді. Экологиялық стандартқа сай емес бензинмен жүру. Мұның атмосфераға зияны көп. Сол себепті осындай қадамға барып отырмыз.
Ташкент жанармай бекеттерінде Аи-80 бензинін құйып жатқан жүргізушілер бірен сараң. Жалпы мұнда көліктің дені газбен жүйіткейді. Содан болар, шектеуге қатысты жүргізушілердің шекесі солқылдап жүрген жоқ.
Аббос Нашматов, көлік жүргізуші:
- Өзім Аи-80 бензинімен жүремін. Газ да қойып алғанмын. Егер сатылымнан алып тастаса, проблема болмайды. Себебі біздің барлық көліктеріміз газға бейімделген.
Бұдан бөлек Өзбекстан билігі 2025 жылдың 1 қазанынан бастап облыс орталықтарында орналасқан асбест, цемент,шлак, шлам сияқты химиялық өнімдерді өңдейтін өндіріс орындарын қала сыртына біртіндеп көшіруді көздеп отыр. Қаулыда шаң тозаң мен түтіннен қоршаған ортаға зиян көп делінген. Ал шағын және орта бизнеске мұның қаншалықты әсер етері әзірге белгісіз.
Дулат Нуркин