Қытай «Ұлы күн қабырғасын» салып жатыр
Қазірде әлем елдері экологиялық дағдарыс кезеңінде.
Қоршаған ортаның ластануы, жаһандық жылыну, ресурстардың сарқылуы, табиғи апаттар сынды экологиялық мәселелер күн тәрібінен түспей тұр. Бұл ретте бірқатар ел жасыл экономикаға көшуді бастап кетті.
Иә, адамзат тіршілігі мұнай мен газға емес, баламалы қуат көздеріне негізделген заманға келе жатыр. Бұл ретте, әлем елдері экология мен экономика мәселесін қалай реттеп отыр?
Германияда көмір өндірісі төмендеді
Қазірде Еуропаның бірқатар елі көмірді мүлдем пайдаланбайды. Тұрғындар судан, жел мен күннен келген жарықты тұтынып отыр. Қазірде Германиядағы тұтынылатын энергияның 60 пайыздан астамы баламалы қуат көздерінен алынады. Былтыр жалпы электр энергиясын өндірудің 14% күннен, 33,3% желден алынған. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4,4% - ға көп. Ал, Energy Charts мәліметтері бойынша, былтыр Германияда көмір электр станцияларының өндірісі күрт төмендеген. Қоңыр көмір 8,4% - ға, ал көмір 27,6% - ға кеміді. Сөйтіп, көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту үдерісі 152 миллион тоннаға дейін қысқарған. 1990 жылмен салыстырар болсақ, 58%-ға төмендеген.
Электр энергиясының тепе-теңдігіндегі таза энергияның үлесі өсіп келе жатқанын көру қуантады. Бірақ бұл халықаралық энергетикалық және климаттық мақсаттарға жету үшін әлдеқайда жылдам қарқынмен жүруі керек.
Кейсуке Садамори, халықаралық энергетикалық агенттіктің қауіпсіздік жөніндегі директоры:
Германия көмір өндіруді азайтқанмен, әлем бойынша электр энергиясының ең үлкен әрі негізгі көзі – көмір болып қала бермек. OurWorldInData деректеріне сүйенсек, дүние жүзінде былтыр түрлі көздерден 29 479 ТВт/сағ электр энергиясы өндірілген. Оның 35,51%-ы – көмірден, 22,47% – газдан, 14,28% – гидро энергетика, 9,11% – ядролық энергетика, 7,82% – желден, 5,53% күннен және 2,67%-ы мұнайдан алынған.
2028 жылдың соңына дейін әлемдік жасыл қуаттың 60%ы Қытайдың үлесіне тимек. Аспан асты елі Еуропалық одаққа қарағанда төрт есе, АҚШ-қа қарағанда бес есе көп жаңартылатын қуатты іске қосуды көздеп отыр. Оған дәлел Қытайдың Кобучи шөлінде салынып жатқан "Ұлы Күн қорғаны" жобасы. Бұл мыңдаған фотоэлектрлік күн панельдерінен тұратын ауқымды жоба. Оның құрылысы жоспар бойынша келесі онжылдықтың басында аяқталуға тиіс. Максималды қуаты 100 гигаватқа тең. Әзірге қытай билігінің мәліметі бойынша, 5,4 гигаватт энергия өндіріген. Күн электр станциясының ұзындығы 400, ені 5 шақырым. Бұл жобаның экология саласына да әсері бар. Мамандардың айтуына қарағанда, күн панельдері топырақ эрозиясын азайтады. Бұл Хуанхэ өзеніне түсетін шөгінділерді азайтады дейді.
ЦИТАТА:
Күн панельдері жерге көлеңке түсіріп, булануды бәсеңдетеді. Сол арқылы шөптер мен басқа да өсімдіктерді өсіруге болады. Қытайдың басқа аймақтарында орнатылған күн станциялары шөлдердің көгалдануына мүмкіндік берген болатын.
Ли Кай, “Даллад Баннер” энергетикалық бюросы кеңсесінің директоры:
Әлемде энергия тапшы
Қазір әлемде 700 миллион адам жарықсыз отыр. Оның 80 пайызы африкалықтар. Жалпы осыған дейін әлемдік сарапшылар адамзат энергия тапшылығын сезеді деп болжаған болатын. Қоғамда өмір сүру жағдайы жақсарған сайын, электр энергиясына деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Яғни электр қуатын еселеп өндірсек те, адамның қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Былтыр Илон Маск те дабыл қақты. Жасанды интеллект жылдам дамыған сайын үлкен деректерді сақтап, өңдейтін орталықтарға сұраныс артып жатыр. Келешекте электр энергиясы тапшылығынан бұл нысандар дұрыс істемей қалуы мүмкін деген қауіп бар. Қазірде әлемде 7 мыңдай деректерді өңдеу орталығы бар. Олардың жұмыс істеуі үшін көп электр энергиясы қажет. Көрсеткіш жылына бір мың терраватт-сағатқа дейін жетуі мүмкін. Бұл 2026 жылға жасалынып отырған болжам. Бірақ қазірдің өзінде Еуропаның кейбір елдерінде деректерді өңдеу орталықтары үшін қажетті электр энергиясы тапшы.