Әлемде бөлшек саудада әрбір бесінші тауар онлайн сатылады
Әлемде бөлшек сауда-саттықта әрбір бесінші тауар онлайн сатылады.
Қазір электронды сауданың көлемі 6 жарым триллион доллардан асады. Нарықтың тез дамуына технологиялық жетістіктің әсер еткені сөзсіз. Оның үстіне кейбір елдерде электронды коммерцияның дамуына үкімет тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі.
Электронды сауда дамыған елдердің алғашқы үштігіне Қытай, АҚШ және Ұлыбритания кіреді. Америкада бөлшек сауда-саттықтың шамамен 16 пайызы онлайн жасалады. Интернеттің дамыған заманында көбіне үйден шықпай-ақ тапсырыс берген қолайлы. 2023 жылы елде электронды коммерцияның көлемі алғаш рет бір триллион доллардан асып кетті. Америкалықтар арасында онлайнда ең көп сатылатын тауарлар қатарына жеке гигиена мен сәндік бұйымдар, үй жабдықтары, киім-кешек, әшекей бұйымдары, электроника мен тұрмыстық техника, азық-түлік, балалар мен үй жануарларына арнаған заттар кіреді.
Қытайда дәрі-дәрмекке онлайн тапсырыс беретіндер аз
Қытайда тұтынушылардың 70 пайызы мобильді қосымша арқылы сауда жасайды. Олар маркетплейстерде көбіне киім-кешек, күнделікті тұтыну тауарлары, электроника, азық-түлік, косметика, саяхат, жаңартылатын энергия көздеріне арналған жабдыққа тапсырыс береді. Ал құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, темекі және алкогольдік ішімдік керісінше Қытайда онлайн арқылы ең аз сатылатын тауарлар қатарына кіріп отыр.
Үндістанда электронды сауданың дамуына демографиялық дүмпу әсер етті
Электронды сауда дамыған елдердің ондығында Үндістан да бар. Мемлекет 2030 жылға таман үздік үштікке кіруге ниетті. Сол уақытта электронды коммерция көлемі 325 миллиард долларға дейін жетуі тиіс. Мұнда онлайн сауданың тез дамуына демографиялық дүмпу әсер етті. Себебі жастар көп. Демек интернет қолданушылардың да қарасы қалың. Қазірдің өзінде олардың саны 821 миллионнан асады. Үндістан бұл көрсеткіш бойынша әлемде екінші орында тұр. Сосын мұнда электронды коммерцияның дамуына үкіметтік бастамалар септігін тигізді. Олар логистикалық тиімділікті арттыруға, интернетті қолжетімді етіп, цифрлық транзакцияларды жеңілдетуге бағытталған.
Жулдыз Атагельдиева