Үндістанның 83 шаһарында ауа сапасы нашар

Әлемде жалпы өлім-жітімнің 23 пайызы ауаның, судың ластануы сияқты экологиялық қауіппен байланысты.

Бұл мәселені адамзат өз қолымен жасап отыр. Өйткені өнеркәсіп пен көлік құралдарының саны артты. Демек тұтыну деңгейі өсті. CNN келтірген кейінгі дерекке сүйенсек ауа сапасы нашар қалалардың тізімін Азия аймағы бастап тұр. Әсіресе, Үндістандағы шаһарларда ластану деңгейі өте жоғары. Кәрі құрлықта да жағдай мәз емес. Бірақ Еуро Одақ елдері тақауда ауаның ластану қаупін төмендеу мақсатында шаралар қабылдады.

Әлемде ауаның ластану деңгейі ең жоғары 100 қаланың бәрі – Азияда. CNN келтірген дерек осындай. 100 қаланың 83-і Үндістанда орналасқан. Бұл елдегі ауа сапасының көрсеткіші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартынан 10 есе асып түскен. Бір ғана мемлекетте ауа сапасының нашарлауы миллиардтаған адамның денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Жарты миллион халқы бар Бегусарай қаласы бұл тізімде бірінші тұр. Ал ел астанасы Дели үшінші орынға жайғасқан. Мамандар келтірген дерекке сүйенсек, Делидегі 9 млн көлік ауаны ластаудың негізгі көзі. Әсіресе, дизельмен жүретін ескі көліктер зиянды қалдықты көп бөледі. Мұнан соң күздігүні шаруалардың сабан өртеуі ластанудың 45 пайызын құрап отыр. Құрылыс алаңдары мен заңсыз өндірістік қызметтің шаң-тозаңы мәселені одан сайын ушықтырады. Ол аздай электр энергиясын өндіретін стансалар қоршаған ортаның ластануына айтарлықтай әсер етіп отыр.

Фрэнк Хаммс,  Іqair global бас директоры:

- Біз ауаның ластануы өмірімізге әсер ететінін көріп отырмыз. Әдетте ауасы қатты ластанған елдерде бұл адам өмірін үш жылдан алты жылға дейін қысқартуы мүмкін. Мұның салдары өте ауыр.

Бангкок билігі тұрғындарды бетперде тағуға шақырды 
Таиландта да ауа сапасы жетісіп тұрған жоқ. Әсіресе, Бангкокта ластану қауіпті деңгейге жетті. Тай билігі тұрғындарды бетперде тағуға шақырып жатыр. Ауадағы қауіпті ұсақ бөлшектер денсаулыққа әсіресе, осал топтағы азаматтарға зиян тигізеді. Мамандар ауаның нашарлауын көлік, құрылыс жұмыстарынан бөлінетін зиянды шығарындылар және өсімдік  қалдықтарын өртеумен байланыстырады.

Еуропада ауаның ластану деңгейі жоғары  

Кәрі құрлықта ауаның ластану деңгейі кейінгі жылдары қатты байқалып отыр. Әсіресе, Солтүстік Македония, Сербия, Албанияда ауа сапасы тым нашар. Болгария мен Черногорияда да тұрғындар ластанған ауамен тыныстайды. Еуроньюс келтірген дерекке сүйенсек лас ауаның кесірінен 2021 жылы 239 мың адам өлім құшқан. Тағы азот диоксидінен 48 мың кісі қайтыс болды. Ауаның ластануы тұрғындар арасында өкпе қатерлі ісігі, жүрек және тыныс алу мүшелерінің зақымдануына әкеп соққан. Қайтыс болғандардың дені – 65 жастан асқандар. Бұл – қарт кісілер арасындағы өлім-жітімнің 4 %-і. Ауа сапасын қадағалау мақсатында Еуро Одақ 2030 жылға қарай ластануды азайтуға арналған жаңа заң қабылдады. Құжат Одаққа мүше мемлекеттерді ұсақ бөлшек, қара көміртек және аммиак сияқты ластаушы заттарды бақылауға міндеттейді.

Зорана Йованович Андерсен, Копенгаген университеті қоршаған орта эпидемиологиясының профессоры:  

- Еуропа елдері арасындағы алшақтық кәрі құрлықтың шығыс және батыс аймағы арасында екенін көріп отырмыз. Бұл екі аймақтың жалпы ішкі өнімі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайынан байқалады.

Еуропаның кей елдері ауаның ластану деңгейін төмендету үшін бірқатар шара қабылдап жатыр. Мәселен Дания 2030 жылдан бастап мал шаруашылығына көміртегі салығын енгізеді. Осылайша бұл ел бастаманы қолға алған алғашқылардың бірі болмақ. Сондай-ақ ЕуроОдақтың жаңартылған директивасы үкімет ауа сапасы туралы ереже сақтамаса, денсаулығында ақауы бар азаматтардың билікті сотқа беруіне құқық берді.

Миланда шылым шегуге тыйым салынды  

Еуропадағы ауасы қатты ластанған шаһар, Миланда биылдан бастап ашық ауада және қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынды. Құқықбұзушылар 40-тан 240 еуроға дейін айыппұл арқалайды. Бұл біздіңше 21 мың мен 131 мың теңге аралығында. Тыйым қаладағы ауа сапасын жақсартуды көздейді. Билік бұл бастаманы тұрғындарды қоғамдық орындарда, әсіресе балалар жиі жүретін жерлерде ауаға тарайтын түтіннің зиянды әсерінен қорғау мақсатында іске асырған.

Қытайда ауаның ластану деңгейі төмендеді   

Кейінгі он бес жылда Қытайда ауаның ластану деңгейі төмендеді. Бұл әсіресе, ірі шаһарларда байқалады. Өйткені бұл ел күкірт диоксиді қалдықтарын шығаруды шамамен 67% азайтты. Химиялық қалдық ауаны ластап қана қоймай, ағзаны улайтын түтін шығарады. Тіпті қышқыл жаңбыр тудыруы мүмкін. Оның негізгі көзі – көмір жағу. Билік көрсеткіштің төмендеуін көмір электр стансаларында зиянды қалдық шығаруға шектеу қою, күкіртсіз технология енгізумен байланыстырады.

Тынысы тар қалалардың қатарында Өскемен, Алматы, Қарағанды, Астана қаласы да бар. Бұл ірі қалаларда ауаның ластануына автокөліктің көптігі, зауыттардан бөлінетін қалдықтың артуы, электр стансаларының жұмысы әсер етеді. Энергияны үнемдеп, жан-жағымызды жасыл желекке айналдырсақ, қоқысты дұрыс сұрыптап, зиянды қалдықтарды азайтсақ, экологиялық тепе-теңдік сақталады. Әрекет сіз бен бізден басталады.