Трамптың президенттігінен не күтуге болады?

Бүгін Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші президенті болып билікке оралады. Америкалықтар ішкі саясат пен экономикалық жағдайдағы оң өзгерістерге үміт етсе, әлем жұртшылығы АҚШ-тың сыртқы саясаты қалай өзгерер екен деп тағатсыздана күтіп отыр.

Сайлау алды бағдарламасында құжатсыз мигранттарды елден шығару, тарифтерді енгізу және Капитолий ғимаратына 2021 жылы басып кірген азаматтарды кешіру сынды ірі мәлімдемелер жасалған еді. Ақ үйге қайта оралған саясаткер сөзінде тұра ма? Одан тағы не күтуге болады?

Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріспей жатып «Жыл адамы» атанды. Әлемдік саяси аренаға біршама өзгеріс алып келді. Ақ үйге аяқ басқан соң жаңалықтар легі тіптен көбейетіні сөзсіз. 76 жастағы саясаткер  қазірдің өзінде Газадағы бейбіт келісімнің «авторлық құқығын» меншіктеп жатыр. Ендігі кезек Ресей-Украина қақтығысында. Трамп 24 cағат ішінде соғысты тоқтата алам деген сөзінде тұра ала ма екен?

Самир Пури, Чатэм Хаустың Әлемдік басқару және қауіпсіздік орталығының зерттеу жетекшісі:

-Трамптың «Бірінші кезекте – Америка» дейтін ұстанымындағы АҚШ-тың әлемдік саяси аренадағы орны Джо Байден әкімшілігіндегі АҚШ-тан біраз ерекшеленеді. Байденнің кезінде АҚШ қорғансызға көмектесу, жәрдемдесу сынды жауапкершілікті мойнына алса, Трампта ол басқаша болмақ. Әсіресе, Украинаның НАТО-ға деген дәмесін суытып, жерінің біразын де-юре болмаса да, де-факто қарсы тараптың еншісінде қалдыруы мүмкін. 1974 жылы екіге бөлінсе де Кипр әлі өз тұтастығын әлемдік картада сақтап тұр. Украина да соның кебін киюі мүмкін.

Қазір Тариф, Трамп секілді Т әрпінен сөздер трендте. Себебі кеше 170 млн америкалық қолданатын TikTok жабылды. Байден кезінде шешілмеген мәселе Ақ үйдің жаңа қожайынына қалады. Саясаткер Қытайды бәсекелес көріп, оған қабақ шытқанмен бұл компанияның өніміне жылы шырай танытып отырған сияқты. Сарапшылар жұмысы тоқтаған желіге тағы тоқсан күн уақыт Трамптың бұйрығымен берілуі мүмкін деген болжамдарға сенімді.

Дональд Трамп, АҚШ-тың 47- ші президенті:

- Біз TikTok мәселесін естен шығармаймыз. Себебі бұл желінің менің жүрегімде алатын орны бар. Маған дауыс берген жастар TikTok-ты белсенді қолданады. Менің сайлаудағы жеңісімде TikTok-тағы жастардың үлесі айтарлықтай зор. Біздің науқанның видеолары миллиондап қаралым жинады. Бұл маған өте ұнады. Сондықтан одан бас тартпасақ та болатын сияқты.

Алайда Трамп АҚШ-та туған сәбилерге америкалық азаматтықты автоматты түрде беруден бас тартқалы отыр. Елдегі құжатсыз мигранттарға қарсы рейд жүргізіп, оларды  депортациялап, Мексикамен шекараны бақылауды қатаңдатпақ. Елдің электрлі емес көлік индустриясындағы шектеулерді жұмсартып, мұнай-газ өндірісін арттыруға ниетті. Атом энергетикасын жандандырып, өндіріс пен экономикаға жаңа қарқын бергісі келеді.

Скотт Бессент, Қазына департаменті басшысы қызметіне үміткер:

- Трамптың экономикалық саясатымен Федералды резервтік жүйенің мақсат етіп отырған инфляцияны 2 пайыздық межеге жақындата аламыз деп ойлаймын. Елімізде жағдайы төмен азаматтардың шығындары ауқатты америкалықтардың шығындарынан айтарлықтай өзгеше болып кетті. Демек алдағы уақытта не бағаларды төмендетеміз, не жалақыны арттырамыз. Меніңше екеуін де қатар жасауға қауқарымыз жетеді.

Шынымен де Трамптың алғашқы президенттігінде инфляция 2 пайыздық межеден көп аса қоймады. Ал Байден билігі кезінде он пайызға дейін көтеріліп, қайта түсті. Жұмыссыздық көрсеткіші 3,5 пайызға азайып, 7 млн жаңа жұмыс орны ашылды. Сарапшылар «халықтың сол экономикалық тұрақтылықты аңсауы Трамптың сайлауда жеңіске жетуіне себепші болды», - дейді. 

Ричард, АҚШ азаматы:

-Еліміз соңғы төрт жылда не көрмеді? Дәстүрлі құндылықтарды бетке ұстап, алға қарай дамуымыз керек.

Крис, АҚШ азаматы:

- Меніңше Трамп жағдайымызды қайта жақсарта алады. Менің отбасымның қаржылық жағдайы ол президент болған кезде анағұрлым жақсы болатын.

Трамптың алдағы Президенттігі кезінде Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасы да жаңа деңгейге шығуы мүмкін. Бір ай бұрын Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, екі ел қарым қатынасын жоғары деңгейде ұстау үшін ұдайы байланыста болуға уағдаласты. Өткен бейсенбіде АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанға қатысты «Джексен-Вэник түзетуін» өткеннің сарқыншағы дей келе оны алып тастау жайлы пікір білдірді. Екі жақты ынтымақтастық C5+1 форматында да арта түседі деген сенім мол.