Президент Юн Сок Ёль жауап беруден бас тартуда

Қызметінен уақытша шеттетілген Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль бүгін жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктердің қылмыстарын тергеу басқармасына келуден тағы бас тартты.

Ол жексенбіден бері осымен екінші рет тергеуге келмеді. 3 желтоқсанда Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізгенінен кейін арада 47 күн өткен соң, президентті қамауға алу туралы ордер ресми мақұлданды.

Сот шешімі жарияланған соң Юнның жақтастары Сеулдегі Батыс округтік сотының ғимаратына шабуыл жасады.

Полиция жағдайды бақылауға алды. Сеулдегі Батыс округтік сотының ғимаратында болған тәртіпсіздіктерден кейін сот ғимараты мен Ыйван қаласындағы уақытша ұстау орталығының қауіпсіздігі күшейтілді. Президент қазіргі уақытта дәл осы орталықта отыр. Өткен демалыс күндері Юнның шамамен бес жүзге жуық жақтасы Сеулдегі Батыс округтік сот ғимаратының алдында наразылық білдіріп, «Президент Юн Сок Ёль», «Тез арада босатыңдар» және «Парламенттік сайлау бұрмалауын тексеріңдер» деп ұрандатты.  Олар сондай-ақ сот ғимаратына шабуыл жасағандарды босатуды талап етті. Бұдан бөлек, Юнның жақтастары Конституциялық сот ғимаратының алдында да наразылық шарасын өткізді. Конституциялық сотқа кірмек болып, қабырғадан секіріп өтпек болған бір ер адамды полиция  ұстады. Тағы бір наразылық білдіруші қолында темір құрал ұстағаны үшін қамауға алынды. Тәртіпсіздіктерді болдырмау үшін шамамен 1400 полицей жұмылдырылды. Өткен демалыс күндері 42 полиция қызметкері жарақат алды, олардың жетеуінің жағдайы ауыр. Бүгін Жоғарғы сот Батыс округтік сотына келтірілген шығын көлемін 600–700 млн вон немесе 480 мың АҚШ долларынан астам деп бағалады. Президент Юн Сок Ёль әлі де тергеуге келуден бас тартып отыр. Бүгін таңғы сағат 10-да ол жоғары лауазымды шенеуніктердің қылмыстарын тергеу басқармасына келуі керек еді, бірақ шақыруды елемеді. Мемлекет басшысының адвокаты Юн Гап Гын оның келмеу себебін түсіндіріп, Юнның басқармаға айтар ештеңесі жоқ екенін мәлімдеді. Тергеушілер Юнды мәжбүрлі түрде жеткізу немесе оны Сеулдегі уақытша ұстау орталығында тергеу мәселесін қарастыруда. Айта кетейік, 2013 жылы Жоғарғы сот қамауға алынған күдікті тергеу бөлмесіне келуден бас тартқан жағдайда оны мәжбүрлі түрде жеткізуге рұқсат берген еді.

Владислав Цой, тілші:

- Белгілі болғандай, Юн Сок Ёль түрме киімін киіп камерада жалғыз отыр. Ұстау орталығының қызметкерлері оны басқа қамаудағылармен кездестірмеуге тырысуда. Қазіргі кезде ол уақытша мемлекет басшысы қызметінен шеттетілгенімен, оның қауіпсіздігін президенттің күзет қызметі қамтамасыз етуде. Оның тамағы басқа қамаудағылармен бірдей. Мысалы, бүгін оған таңғы асқа сорпа, маринадталған қызыл бұрыш және  кимчи берілді. Юнға адвокатынан басқа адамдармен кездесуге тыйым салынған. Жоғары лауазымды шенеуніктердің қылмыстарын тергеу басқармасы Юн Сок Ёльдің қамауда болу мерзімі 28 қаңтарға дейін жалғасатынын, бірақ 7 ақпанға дейін ұзартылуы мүмкін екенін хабарлады. Президенттің жақтастары бірнеше күннен бері Сеулдегі уақытша ұстау орталығының алдында наразылықтарын жалғастырып, Юн босатылғанша сол жерде болуға ниетті екендерін мәлімдеді.