Түркияда ең ауқымды қазақ-түрік тілінің сөздігі таныстырылды

Түркияда ең ауқымды қазақ-түрік тілінің сөздігі мен «Түркі тілдеріндегі етістіктер» атты су жаңа қос кітап таныстырылды.

Халықаралық Түрксой ұйымының штаб пәтерінде өткен алқалы жиында туыстас тілдердің ұқсастығы мен айырмашылығы түсіндірілді. Сондай-ақ бауырлас халықтардың бір-бірінің тілін үйрену әдістемесі мен жаңашылдықтары туралы сөз болды. Тамыры бір елдер арасында сөздік қосымшасын құру ұсынысы айтылды. Ал қос кітаптың авторы - Түркиялық ғалым Кенан Коч. Ғалымның қазірге дейін қазақ-түрік тілдерінде 20-дан астам туындылары жарияланған. Кенан Коч Халықаралық Түрксой ұйымының арнайы медалімен марапатталды.

Кенан Коч, кітап авторы:

- Бұл кітаптар тек ғылыми жұмыс емес, бұл - бауырлас халықтар арасында тіл арқылы байланыс орнатудың жаңа қадамы. Қазақ және түрік тілдерінің арасындағы жақындықты, ұқсастықтар мен айырмашылықтарды зерттеу арқылы біз бір-бірімізді тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз. Тілдік зерттеулердің маңыздылығы күннен-күнге артып келеді, өйткені тіл - тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мәдениетіміздің айнасы.