Трамп қос жыныстылар саясатын қолдамайды

АҚШ Президенті Дональд Трамп қос жыныстылар мен әйелдердің репродуктивті денсаулығына қатысты біраз өзгерісті жүзеге асырады.

Ол сайлауалды бағдарламасында қос жыныстылардың құқын шектеп, әйелдерге түсік жасатуға тыйым салуды ұсынды. 

Қазір АҚШ-тың бірнеше штаты трансгендерлерге қолдау көрсетуден бас тартты. Сондай-ақ Трамп жасанды ұрықтандыру жобасын үкімет тарапынан қаржыландыруды қолға алмақ. Мәселенің ау-жайын шолушымыз Әсия Нұрлыбаевадан сұрап білейік. Қайырлы таң, Әсия! Ақ үй басшысы бұл бастамаларды көтергенімен, оны заң жүзінде нақты қабылдады ма?

Қайырлы таң, әріптестер! Әзірге бұл жәй ғана ұсыныс. Бірақ Трамп айтқанының барлығын жүзеге асыруға ниетті. Шартарапта айтып беремін. 

Трамп қос жыныстылар саясатын қолдамайды

АҚШ

Америкада трансгендерлердің құқығы қорғалмайды. АҚШ үкіметі бұдан былай тек әйел мен ердің жынысын ғана қолдайды. Президент Дональд Трамп ұлықтау рәсімінде нәсілдік және гендерлік өзгеріске қатысты саяси өткір мәселеге осылай деп тоқталды. Сондай-ақ ол әртүрлілік, гендерлік теңдік және инклюзия бағдарламаларын қысқартатын жарлық шығаратынын мәлімдеді. Соған сәйкес, гендерлік идеологияны дамыту үшін үкімет тарапынан қаржы бөлінбейді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Осы аптада мен қоғамдағы нәсіл мен жынысты әлеуметтік енгізу туралы үкіметтің саясатын біржолата тоқтатамын. Біз адамды діні мен діліне, тілі мен нәсіліне қарап бөлмейтін қоғам құрамыз. Бүгіннен бастап Америка Құрама Штаттарының үкіметі тек ер мен әйелдің жынысын қолдайтын саясатты ұстанады. 

Сондай-ақ Ақ үй басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында жынысын ауыстырған ерлерді әйелдер спортына қатыстырмау туралы заң жобасын қабылдайтынын айтты. Сөйтіп трансгендерлердің спорттық шараларда -бақ сынауына шектеу қоймақ. Бұл бастаманы ол әйелдерді гендерлік саясатта экстремизмнен қорғап, олардың биологиялық құқығын қолдаумен байланыстырады.  

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біз нәсілдік және трансгендерлік саясатты барлық білім беру орындарынан алып тастаймыз. Мұның түк қиындығы жоқ. Ессіздікке осылай нүкте қоямыз. Ер адамдарды әйелдер спортына қатыстырмаймыз. 

Бұрынғы Президенттігінде де Трамп трансгендерлерге қатысты бірнеше даулы шешім қабылдады. 2017 жылы жынысын ауыстырғандардың АҚШ Қарулы күштерінде қызмет етуіне тыйым салу жоспарын жариялады. Екі жылдан соң бұл саясаты ресми күшіне енді. Алайда Байден әкімшілігі бұл тыйымды 2021 жылы жойды. Сондай-ақ трансгендерлерге медициналық қызмет көрсетуден бас тарту туралы ережені бекітті.

Американың 26 штатында трансгендер жасөспірімдерді қолдауға тыйым салынды

Си-Эн-Эн келтірген дерекке сүйенсек, Трамптың сайлауалды бағдарламасында қос жыныстыларға шектеу қою туралы мәлімдемесінен кейін АҚШ-тың 26 штаты трансгендер жасөспірімдерге медициналық көмек көрсетуден бас тартты. Бұл аймақтарда 13 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектердің шамамен 40 %-ы жынысын ауыстырған. Айта кетейін, Америкада трансгендерлерді қолдау бағдарламасы жынысын өзгертуге ниеттілердің хирургиялық отадан бастап, медициналық қызмет көрсетудің барлық түрін қамтиды.

Америкада түсікті шектеу туралы заң жобасы қабылдануы мүмкін

АҚШ

Трамп іске асырғалы отырған тағы бір мәселе – түсік жасатуды шектеу. Бұл қадам түсік жасатуды тыюға тырысатын кей штаттардың мүмкіндік аясын кеңейтуі мүмкін. Бірақ әйелдерге қызметтің қолжетімділігін одан әрі қиындатады. Қазір Конгресс Өкілдер палатасы мен Сенат түсік жасатуға қарсы заң жобасын әзірлеп жатыр. Олардың айтуынша, бұл шара, сәтсіз түсіктен кейін нәрестені аман алып қалуға міндеттейді. Бірақ былтыр түсікке қарсы ереже мен түзетуді демократиялық Сенат мақұлдаған жоқ. Дегенмен Трамп құжатқа қол қойса, бәрі басқаша болуы мүмкін. 

ЦИТАТА

Кристан Хокинс, түсік жасатуға қарсы ұйымның президенті:

Кей бағдарламалар әйелдерді түсік жасатуға міндеттемесе, салық төлеушілер қаржы аударуды тоқтатпаса, бұл процесс жалғаса береді.

Францияда әйелдер түсік жасатуға констиуциялық тұрғыда құқылы

Еуропаның біраз елінде әйелдер түсік жасатуға заңды құқылы. Мысалы, Францияда былтырдан бастап қыз-келіншектерге жүктілігін хирургиялық жолмен тоқтатуға конституциялық тұрғыда еркіндік берілді. Негізі бұл елде мұндай заң 1974 жылдан бері бар. Оның Конституциямен бекіту былтырдан бастап күшіне енді. 

Корольдікте келіншектер өз бетінше түсік жасата алады

Ұлыбританияда жүктіліктің 24 аптасына дейін түсік жасатуға рұқсат бар. Әйелдің денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрса ғана, жүктілікті хирургиялық жолмен тоқтатуға болады. Бірақ пандемия кезеңінен бері Корольдік қыз-келіншектерге 10-аптаға дейін өз бетінше түсік жасатуға еркіндік берді.

Польшада жүктілікті тоқтатуға тыйым бар

Польша билігі 2021 жылдан бастап түсік жасатуға тыйым салды. Бұл - Еуропа бойынша әйелдердің репродуктивті құқын шектеген жалғыз ел. Зорлау, инцест жағдайларында, сондай-ақ ананың өмірі қыл үстінде тұрса ғана жүктілікті тоқтатуға рұқсат етіледі. Жүктілігін үзуге мұқтаж әйелдер көбіне шекара асып қызмет алуға мәжбүр. 

ЦИТАТА

Геновева Тишева, БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті төрағасының орынбасары

Польшада әйелдерге қарсы гендерлік зорлық-зомбылық өте жоғары. Бұл оларды азаптауға, ар-намысын қорлап, қатыгездік танытуға итермелеуі мүмкін.

Трамп: жасанды ұрықтандыруды үкімет қаржыландырады 

АҚШ Президенті Дональд Трамп әйелдердің репродуктивті денсаулығына қатысты көтерген тағы бір мәселе - жасанды ұрықтандыру бағдарламасын қаржыландыру. Былтыр сайлауалды бағдарламасында Трамп әйелдерге осылай деп уәде еткен еді. Табиғи жолмен бала көтере алмайтын қыз-келіншектерге қызметті қолжетімді ету үшін үкімет немесе сақтандыру компаниялары тарапынан қаражат бөлу мәселесін көтерді. Бұл бастаманың жүзеге асып-аспауы алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен, сарапшылар бұл сәбилі болудың тиімді жолы деп құптап отыр.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасын енгіземіз. Оны үкімет қаржыландырады. Немесе сақтандыру компанияларын жобаға қомақты ақша аударуға міндеттейміз бе? Бұл расымен де, жақсы жоба. Міндетті түрде іске асырамыз. 

Әлемде 22 елде түсік жасатуға қатаң тыйым салынған. Әйелдердің 40%-ының репродуктивті құқы шектелген. ДДСҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жыл сайын шамамен 39 мың қыз-келіншек қауіпті түсік жасату салдарынан қайтыс болады. Өлім-жітім көбінесе, жүктілікті үзуге болмайтын елдерде көп тіркеледі.