Қазақстан мен Өзбекстан медицина саласында біріккен жол картасын әзірлейді

Қазақстан мен Өзбекстан медицина саласында біріккен жобаларды жүзеге асыруға дайын.

Бұл туралы Ташкентте Қазақстанның Президент іс басқармасы медицина орталығының басшысы Алексей Цой мен Өзбекстаннның денсаулық сақтау министрі Асылбек Худаяровтың кездесуінде айтылды.

Тараптар жол картасын әзірлеп, медициналық бағыттарды айқындамақ. Сондай-ақ кадр даярлау ісінде де тәжірибе алмасуға келісті.

Соңғы жылдары Өзбекстанда медициналық туризм қарқын алды. Алыс жақын шетелдерден былтыр 100 мыңға жуық адам келіп ем алған. Жекеменшік клиникалар саны артып, қызмет көрсетуге басымдық берілген. 

Алексей Цой, ҚР Президенті іс басқармасы медицина орталығының басшысы:

- Біз бүгін әріптестерімізбен медицинадағы менеджмент жайлы көп сөйлестік. Қызмет көрсету, ресурс үнемдеу, емдеу кезінде төмен жарақат алу технологиясы мен адам денсаулығына аз мөлшерде зиян тигізетін жаңашылдықтарға тоқталдық. Науқастарды күрделі отадан кейін тез арада қалыпқа келтіру әдістерін сөз еттік. Біз осыған стратегиялық тұрғыда басымдық береміз. Сондай-ақ алғашқы санитарлық көмек көрсету бойынша да ойымыз бір жерден шықты.

Биыл Қазақстанның Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетімен Бұқар мемлекеттік медицина университетінің біріккен білім бағдарламасы іске қосылады. 

Уктам Исмаилов, Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы:

- Бізді әсіресе трансплантология бағытындағы қазақстандық дәрігерлердің жеткен жетістіктері қызықтырады. Нәтижелер көз қуантады. Әріптестерімізге онкология, кордилогия оның ішінде интервенциялық кардилогия мен педиаторлардың жұмысын көрсеттік. Бұл бағыттағы тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Алдымызда үлкен жұмыстар тұр. Егер бірігіп атқаратын болсақ, үлкен жетістікке жетеміз деп ойлаймын.

Қазақстан делегациясы Ташкенттегі медициналық мекемелерді аралап, жұмыс процесімен танысты. Ал Өзбекстан тарапы кешікпей Астанаға ат ізін салатын болды. Содан кейін біріккен жобалар бойынша жол картасы әзірленбек. 

Дулат Нуркин