Түркияда өртке қатысы бар деген күдікпен 9 адам ұсталды. LIVE

Бүгін Түркияда қаралы күн. Режеп Тайип Ердоған Болу провинциясындағы Карталкая тау-шаңғы шипажайында болған өртке байланысты 22 қаңтарды Ұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды 24kz.

Өрттен опат болғандардың саны 76-ға жетті.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Өкінішке орай, Анадолы жерінде жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты барлық мекемелерде Мемлекеттік ту төмен түсірілді. Түрік жұрты кеше таңғы уақытта «Карталкая» қонақүйінде болған өрттен қаза тапқандарды қайғыра еске алуда. Ресми ақпаратқа сай қайтыс болған 76 адамнан 52-нің жеке басы анықталды, ал қалған 24 адамның кім екені нақтыланып жатыр. 45 адамның денесі жақындарына табысталды. Бүгін таңсәріден бері жергілікті телеарналар айтып келмейтін апаттан қаза тапқандарды жерлеу рәсімін көрсетуде. Оқиға орнында алты прокурордан құралған арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Президент Режеп Тайип Ердоған өртке кінәлілер заң аясында жауап береді деп сендірді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Өрт туралы хабар жеткен бойда аймаққа министрлер мен жауапты адамдарды жібердік. Өрт сөндіруге 156 техника мен жеке құрамның 428 маманы жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі мен кінәлілерді анықтау үшін тергеу амалдары басталды. Оқиға бүге-шігесіне дейін зерттеліп жатыр. Осы қайғылы оқиғаға себепкер болғандар заң алдында жауап береді. Сыздаған жүрегіміздің жарасын сипаттауға сөз жетпейді. 1 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Бүгін елімізде және шетелдегі өкілдіктерімізде туларымыз төмен түсіріледі. Бұл күн – бірлік пен ынтымақ күні.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Өрттің шығу себебі әлі белгісіз. Тек қонақүй еңіс жерде орналасқандықтан, оған тек бір қапталынан кіру мүмкін болған.

Тергеуге арнайы прокурорлар тартылған. Өртке қатысы бар деген күдікпен 9 адам ұсталды. Олардың арасында қонақүй иесі де бар. Қазір оқиға орнында сараптамалық топ жұмыс істеп жатыр. Елдің Ішкі істер министрінің сөзінше, жағдайдың анық-қанығы 10 күннің ішінде нақты белгілі болмақ.

Айта кеткен жөн, опат болғандардың ішінде қазақстандықтардың бар-жоғы жөнінде нақты ақпарат жоқ.