Мыңдаған мигрант АҚШ шекарасынан өте алмай тұр
АҚШ шекарасынан мигранттар енді өте алмайды, деп хабарлайды 24kz.
Дональд Трамптың жарлығынан кейін CBP One мобильді қосымшасы жабылды. Бұған дейін мигранттар АҚШ-қа заңды түрде кіруге және жұмысқа тұруға рұқсат алу үшін онлайн қызметтерге жүгінетін. Енді мыңдаған адам шекара аса алмай далада қалды.
Шекарада CBP One қосымшасы арқылы күніне мыңнан астам кездесу өткен. Нәтижесінде Куба, Венесуэла, Гаити, Мексикадан келген 1 млн-нан астам азамат заңды түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Енді Дональд Трамп оларды келген жеріне кері қайтармақ. Тіпті рұқсаты барлары да АҚШ-тың табалдырығын аттай алмай отыр.
Диана Кольменарес, Венесуэладан келген мигрант:
- Қосымша арқылы кездесу тағайындалғасын, біз билет алып, бар жүгімізді жиып, бірден осында жол тарттық. Иә, бұл Мексика билігінің кінәсі емес, Трамптың шешімі екенін жақсы түсінеміз. Бірақ қолында рұқсат қағазы барлардың құқығы тапталмауы керек қой. Біз соны реттеуді талап етеміз.
7 қаңтардан бері 280 мың адам қосымшаға бірнеше рет кіріп өтініш қалдырған. Алайда олардың сұрауы кері қайтарылды. Бұл жауап оларды шарасыз халге түсірді.
Маргали Тиноко, Колумбиядан келген мигрант:
- Енді не болады? Сан соғып қалдық. Бәрі ретімен келе жатыр ма деп едім, кері кетті. О, Құдайым, енді не істейтінімді білмеймін.
Джони Флорес, Венесуэладан келген мигрант:
- Көптеген адам АҚШ-қа заңсыз кірді. Ал мен осыған дейін өз кезегімді күттім. Шекарадан заңды түрде өтуге енді ғана рұқсат алғанымда оның күші жойылды. Бұл әділетсіздік деп ойлаймын. Мен заң бұзбадым. Тәртіпке бағындым. Дональд Трамп шараларды күшейтсе күшейтсін. Бірақ бәрі әділ жолмен реттелу керек.
Ақ үйге оралған Дональд Трамп құжатсыз жүрген мигранттарды Америкадан шығару үшін әскер күшін пайдаланатынын мәлімдеген болатын. Қазір елдің оңтүстік шекарасында төтенше жағдай жарияланды. Ал, шетелдік әлеуметтік желілерде мигранттарға қатысты жалған ақпараттар тарап жатыр. Онда: «Мексикадан келген мигранттар Оңтүстік шекараны баса-көктеп өтіп жатыр», - деп жазылған. Алайда, бұл бейнематериалдардың 2023 жылы жарияланғаны анықталды.
Авторы: Фариза Жанғанаева