БАӘ-нің ірі инвесторлары АҚШ экономикасына млрд-таған доллар қаржы құюға ниетті

Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі инвесторлары АҚШ экономикасына миллиардтаған доллар қаржы құймақ, деп хабарлайды 24kz.

Мұндай ауқымды бастама Дональд Трамптың президент атанатыны белгілі болғаннан кейін қолға алынды. Ал Ақ қүйдің жаңа басшысы Таяу Шығысқа айрықша назар аударып қана қоймай, ондағы ұзақ жылдық шиеленісті реттеу жолдарын қарастыруға кірісті.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Әлемдік геосаясаттың қазіргі жай-күйі әмірліктердің қалыпты күн райы секілді жайма-шуақ шырай танытып тұр. Себебі кейінгі кезде соғыстан көш ашпай келе жатқан кейбір аймақ халқы атыс-шабысты уақытша болса да ұмытуға мүмкіндік алды. Мәселен Израиль-Хамас арасындағы оқ атуды тоқтату жөніндегі келісім өңірдің жалпы келешегіне қатысты тәуір болжам жасауға сеп болды. Бұл тақырыпта пікір білдірген сарапшылар Трамптың алдағы уақытта Таяу Шығыс мәселесін реттеуге тың күшпен кірісетінін алға тартты. Одан бөлек, әзірге тұтқын алмасу мақсатында жасалған 40 күндік бітім шартының басқа да бағыттар бойынша жалғасуы мүмкін екені көпті қуантып отыр. Дегенмен, Таяу Шығыс бойынша қақтығыстың одан әрі өршу ықтималдығын жоққа шығармайтындар бар.

Маджед Әл-Ансари, Қатар Сыртқы істер министрлігінің өкілі:

- Ол әскери іс-қимыл аумағы. Кез келген уақытта қайта оқ атылып кетуі ғажап емес. Бір тараптың келісім шарттарына көндікпей, бұза салуы да бір-ақ сәт. Біз бітімге шақырушы тарап ретінде сол істің барлығын бақылап отырмыз. Осы сәтте байланыс құралдарымыз арқылы туындаған сұрақтар дер кезінде шешімін табуда. Тараптар өздерінің ұсыныс шағымдарын бізге жолдай алады.

Жалпы АҚШ президентінің ресми қызметке кіріскен сәтін араб әлеміндегі белді инвесторлар асыға күтті. Соның бірі – әмірлік миллиардері Хусейн Саджвани. Ірі құрылыс компаниясына иелік ететін ол құрама штаттарға қыруар қаржы инвестициялауға дайын. Таяуда АҚШ президентімен арнайы кездесіп, жалпы құны 20 млрд долларлық жобаларын таныстырып қайтқан екен. Дональд Трамп оны қуана қабылдапты. Араб миллиардері Трампты жақын досы санайтынын айтты.

Хуссейн Саджвани, Біріккен Араб Әмірліктерінің миллиардері, құрылыс компаниясының басшысы:

- Өткен 4 жыл ішінде біз мәліметтерді өңдеу, дата орталықтар құру бағытында жұмыс істедік. Таяу Шығысқа көп маңыз бердік. Сауд Арабиясында екі дата орталық пайдалануға берілді. 2023-24 жылдары Азия мен Еуропада да жер сатып алып, жобамызды жүзеге асырдық. Қазір Түркиямен де байланысымыз оңтайлы бағытта жалғасып жатыр. Енді АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен қарқынды жұмыс істеп, сол нарықпен бірге өсуді жоспарлап отырмыз.

Бір айта кетерлігі, Таяу Шығыстағы басқа да ірі мемлекеттердің ресми Вашингтонмен қандай қарым-қатынас орнатары белгісіз. Сарапшылар бұған қатысты кесімді пікір айтуға асықпайды. Себебі кейінгі 4 жылда өңірдегі ахуал тек шиеленісіп қана қоймай, әлем көшбасшылары үшін бас қатырар басты мәселеге айналды. Аймақта бір-біріне қарама-қайшы көзқарас ұстанатындар аз емес. Оны реттеудің ұзақ мерзімді жоспарын таяу арада Дональд Трамп ұсынады деген болжам бар.

Авторы: Рауан Мыңбай