Қытай ағаштан қорған тұрғызып жатыр
Қытай елінде тағы бір қорған пайда болды, деп хабарлайды 24KZ. Ұзындығы мыңдаған шақырым болатын қамал елдің солтүстік батыс бөлігінде салынды. Оның құрылысына жарты ғасырға жуық уақыт кетті. Жобаны жүзеге асыру үшін миллиондаған жұмысшы тартылып, миллиардтаған қаржы жұмсалды. Қытайлықтар мұндай қадамға неліктен барды? Көрші ел неден қауіптенеді?
Бұл жолы қорған адамнан емес, құмнан қорғану үшін салынды. Бірақ қамал тастан емес, ағаштан жасалған. Жобаны қытайлықтар «екінші Ұлы Қытай қорғаны» деп атайды. Елдің осы бөлігінде әлемдегі ең қауіпті көшпелі шөл Такла-Макан орналасқан. Ол дүниежүзіне «Өлім теңізі» деген атаумен танылған. Жергілікті жерде «бұл шөлге кірген адам кері қайтпайды» деген ұғым, аңыз бар.
Бұл жерде ең негізгі қауіп құмнан. Сусыған құм айналаға жайылып жер тарыла бастаған. Бұлай жалғаса берсе, елдің солтүстік батысы шөлейтке айналуы мүмкін еді. Ел билігі осыдан қорғану үшін аумағы 337 600 шаршы шақырым болатын шөлді қоршауға мәжбүр болды. Ғалымдар әбден зерттеп, құмды тоқтату туралы шешім 1978 жылы қабылданды. Содан бері миллиондаған ағаш отырғызылды. 46 жылдың ішінде қытайлықтар шөлді жасыл желекпен қоршап тастады. Ағаш белдеудің жалпы ұзындығы 3046 шақырымға жеткен. Бұл Германия немесе Жапония мемлекеттерінің территориясымен тең аумақ. Қазір Юйтянь уездінде жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жүздеген техника шөлді тегістеп, орманға айналдыруға орын дайындап жатыр. Сонымен қатар Луопу уезінде сексеуіл, жыңғыл көшеттері әзірленіп, көктемге дайындалып жатыр. Оған жергілікті тұрғындар да тартылған. Жасыл белдеу экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ғана емес, экономикалық жобаларды жүзеге асыруға да мүмкіндік беріп отыр. Шөл қоршалғалы бері инвесторлардың сенім артқан. Олар осы аймаққа қаржы құйып күн, жел электр станцияларын сала бастады. Дәл қазір жылдық қуаты 1,3 миллион киловатт болатын күн электр станциясының құрылысы қатар жүріп жатыр. Қоршаған орта мамандарының айтуынша, мұндай жобалар көшпелі құмды тоқтатуға сеп болатын көрінеді.
Цуй Вэй, энергетикалық жоба менеджері:
- Құмның үстіне екі миллион 700 мың дана фотоэлектрлі панель орнатылады. Жоба толық аяқталғанда 2,1 миллиард киловатт-сағат энергия өндіріледі. Бұл 620 мың тонна көмірді үнемдеп, атмосфераға таралатын көмірқышқыл газының көлемін төмендетеді. Ең бастысы бұл көшпелі құммен күресудің тиімді жолы болып отыр.
Жасыл белдеу салу жұмысы мұнымен аяқталмайды. Бұл Қытайда жүзеге асырылып жатқан «Үш солтүстік» ормандандыру мега жобасының бір бөлігі ғана. Экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған бағдарлама 2050 жылға дейін жалғасады.
Айта кету керек, қытайлықтар тек Такла-Маканда емес, Гоби шөлінде де осындай экологиялық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын.