Өзбекстандағы әлеуметтік салада жемқорлық фактісі жоғары

Өзбекстанда білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларында жемқорлық белең алған.

Бұл туралы Өзбекстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі баспасөз қызметінің жетекшісі Шерзод Сапаров мәлімдеді. Айтуынша шенеуніктер арасында да сыбайластық әрекеттер азаймай тұр. Мәселен былтыр тек әкімдердің 309 көмекшісінің үстінен жемқорлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған.  

Дулат Нуркин, тілші:

- Өңірлер бойынша сыбайлас жемқорлық Ташкент облысы, Ташкент қаласы және Самарқанд облысында жиі тіркеледі. Ал ең төмен көрсеткіш Бұхара мен Хорезмде.

Былтыр мемлекеттік сатып алу кезінде күмәнді 234 келісім-шарт бұзылып, 263,9 млрд сум қазынаға қайтарылған.  

Шерзод Сапаров, Өзбекстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Су шаруашылығы, жергілікті әкімдіктер мен банк секторларында сыбайлас жемқорлық қылмыстары азайғанымен жоғары білім, көлік және ауыл шаруашылығы саласында өсу бар. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде, денсаулық сақтау, кедейлікті азайту және жұмыспен қамту салаларында жоғары деңгейде қалып отыр.

Дулат Нуркин, тілші:

- Жуырда Өзбекстанда БҰҰ жанындағы Сеул саяси орталығы институты тұрғындар арасында жемқорлық тақырыбында арнайы зерттеу жүргізіпті. Елдің 14 аймағында жасалған тест қортындысы бойынша респонденттердің дені жемқорлық фактісін біліп жатса, шағым түсіруге дайын екендерін айтқан. Алайда ақпаратты жолдағаннан кейін оның салдары барын да және содан секемденетіндерін жеткізген.

Дулат Нуркин