Еуропада қатерлі ісікке қарсы дәрі қымбаттады
Еуропада қарт кісі көп.
Бұл денсаулық сақтау жүйесіне салмақ салып отыр. Себебі қариялар медициналық қызметті жиі қолданып, дәріні де көп тұтынады. Ахуалды реттеу үшін сарапшылар фармацевтика саласына құйылатын инвестицияны арттыруға шақырып отыр. АҚШ-та 65-тен асқан тұрғындардың 90 пайызы рецепт арқылы берілетін препараттарды қабылдайды екен. Бірақ былтыр бағаның өсуінен олардың тең жартысы қажетті дәрілерін толық көлемде ала алмаған. Шетелдік фармацевтика нарығындағы жағдай туралы алдағы топтамадан білейік.
Еуропада дәрілердің бағасы күрт өсті. Әсіресе сирек кездесетін аурулар мен қатерлі ісік кезінде қабылдайтын препараттар қымбаттаған. Мұндай жағдай Германия, Испания, Бельгия мен Латвияда қатты байқалады. Бәріне қымбатшылық себеп. Жұмыс күшінің тапшылығынан дәріханалар жабылуы да бағаға әсер еткен. Мысалы, Германияда бір жылда 335 дәріхана жұмысын тоқтатқан. Мұндай бір орын орта есеппен 5 мыңдай адамға қызмет көрсетеді екен.
Американдықтар дәріге жылына $1,5мың жұмсайды
АҚШ
Америкалықтар өзгелермен салыстырғанда дәріге көп шығындалады. Өйткені бұл заттар қымбат. Статистика бойынша, әр тұрғын жылына бір жарым мың доллар жұмсайды екен. Бағаны реттеу бұрыннан талқыланып келе жатқан мәселенің бірі. Препараттарды халыққа қолжетімді ету үшін билік түрлі шараларды қолға алған. Мысалы, мұнда қымбат дәрінің арзан баламалары - дженериктер өндіріледі. Елде әсіресе қант диабеті кезінде қабылданатын заттар айтралықтай қымбаттаған. Соның ішінде Оземпиктің бағасы шарықтап тұр. Ол қант диабетін емдеуге арналған. Семіздікпен күресте де қолданылады. Кейінгі жылдары Оземпик ішіп арықтағандар қатары көбейіп, препараттың танымалдығы артқан. АҚШ-та семіздікке шалдыққандар көп. Содан бұл дәріге сұраныс та жоғары. Америкада ол Канада мен Германияға қарағанда 6 есе қымбат.
Иранда дәрі-дәрмек бағасы 4 есе қымбаттады
Иранда қазір ұлттық валюта - риал құнсызданып, бұл жағдай осы елдің ішкі фармацевтика нарығына әсер етті. Өйткені сала импортқа қатты тәуелді. Содан сырттан келетін тауарлардың бағасы өскен. Салдарынан кейбір дәрілер 4 есе қымбаттаған. Мысалы, мамандар жиі жазып беретін негізгі антибиотик бұрын біздің ақшамен 6 мың теңгедей тұрса, қазір 30 мыңға жуықтайды.
Жулдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалықова