БҰҰ: Сириялық босқындардың 30 пайызы еліне қайтуды қалайды

Өзге мемлекеттерде босып жүрген сириялықтардың 30 пайызы елге қайтуды қалайды.

Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди мәлімдеді. Ол қазір осы араб елінде жүр. Сириядан 6 миллион адам 13 жылға созылған бұрынғы президент Башар Асад кезіндегі азаматтық соғыстан бас сауғалап, қашқан болатын. Асад режимі құлаған сәттен елге 200 мыңға жуық адам оралды. Былтыр 27 қарашада Сириядағы қарулы топ билікті басып алып, 11 күнге созылған қақтығыстан соң Дамаскіні өз иелігіне алды. Іле-шала жарты ғасыр Сирияға үстемдік еткен Асад үкіметі құлады.