Ұлыбритания суық қаруды қатаң бақылауға алады
Ұлыбританияда суық қарумен адам өлтіру дерегі жиіледі.
Өткен жылы мыңдаған жасөспірім пышақ жарақатынан қаза тапқан. Осыған байланысты Үкімет суық қару саудасын шектеу үшін заңды қатаңдатуды қолға алды. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің жұмысы да бақылауға алынбақ.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Англия мен Уэльсте суық қару қолданылған қылмыс түрлері күн сайын тіркеледі. Тіпті Лондонның кейбір көшелерімен емін-еркін жүру мұңға айналған. Әсіресе, ас үй пышағымен шабуыл жасайтындар көп. Зерттеулерге сәйкес, өткен жылы 140 мың жасөспірім өзімен бірге суық қару алып жүріпті.
Былтыр жазда Саутпорт қаласында болған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 18 жастағы британиялық жасөспірім би үйірмесі өтіп жатқан ғимаратқа кіріп, 6, 7 және 9 жастағы 3 бейкүнә жеткіншекті пышақтап өлтірді. Қандықол қылмыскер сондай-ақ 7 мен 13 жас аралығындағы 8 қызды, мұғалімді және арашаламақ болған куәгерді жарақаттаған. Аксель Рудакубананың жауыздыққа баруына діни радикалды көзқарасы себеп болыпты.
Джейсон Пай, Мерсисайд полициясының аға тергеушісі:
- Аксель Рудакубана өзінің жантүршігерлік жауыздығы үшін 52 жылға темір торға тоғытылды. Сот үкімі балалардың өмірін қайтармасы анық. Бірақ қылмыскердің ұзақ уақыт түрмеде отыратындығы құрбандардың туысқандары үшін аз да болса, демеу болады деп үміттенемін.
Ұлыбританияның Лейбористер үкіметі қылмыстың бұл түрімен жаңаша күресуге кірісті. Пышақ сатып алушылар алдағы уақытта екі кезеңнен тұратын қатаң тексеруден өтетін болады. Олар дүкенде жеке куәлігін көрсетуге міндеттелмек, ал үйге жеткізіп беру кезінде курьер суық қаруды тапсырыс берген адамның қолына табыстауы тиіс. Клиенттен тұрғылықты жерін коммуналдық төлемдер түбіртегі арқылы дәлелдеуі талап етіледі.
Иветт Купер, Ұлыбритания Ішкі істер министрі:
- Жасөспірімдердің қауіпті қаруды әлі күнге дейін интернет арқылы оңай сатып ала алатыны масқара жағдай. Жастарын үлкейтіп, жалған ақпарат береді. Тауарды жеткізуші көбіне пышақты есіктің алдына тастап кете салады. Бұлай жалғаса бермеуі керек.
Бұдан бөлек қатыгездікке үндейтін ғаламтордағы ақпаратпен күрес күшейеді. Пышақ қолдану арқылы жасалған қылмыс түрлерін насихаттайтын әлеуметтік желілердің басшылары жазалануы мүмкін. Қауіпті контентті алып тастау туралы талапты орындамағандар 10 мың фунтқа дейін айыппұл арқалайды. Дегенмен, Үкіметтің бұл бастамаларына күмәнмен қарайтындар да бар. Алаяқтардан аяқ алып жүру мүмкін емес заманда адамдардың шынайы құжатын талап етіп, жасын тексеру қиындау дейді олар.
Ғалымжан Қараманұлы