АҚШ-та ақыл-есінен айырылған жандарға көмектесетін робот жасалды

АҚШ-та ақыл-есінен айырылған жандар үшін күшікке ұқсас робот жасалды, деп хабарлайды 24kz.

Ол науқастың үрейден арылып, күйзеліспен күресуіне көмектеседі.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Күшікке ұқсас мына роботты Том Стивенс есімді кәсіпкер ойлап тапты. Оның анасы деменцияға душар болған. Ер адам ақыл-есінен айырылған анасының енді үйдегі итіне күтім жасай алмайтынын түсінген. Сөйтіп, оның орнына робот күшік жасап шығару идеясы келген.

Том Стивенс, «Tombot» компаниясының бас директоры:

- Әлемде 300 млн-нан аса қарт кісі деменцияға шалдыққан. Ішінде менің анам да бар. Мұндай жандар үй жануарларын асырай алмайды. Өйткені мысалы тамағын беруді ұмытып кетуі мүмкін. Бірақ ақыл есінен айырылған адамдардың кейбір заттарға не ойыншықтарға қатты үйреніп қалатыны бар. Робот жасауға осы түрткі болды.

Кәсіпкердің айтуынша, робот кәдімгі күшіктен еш кем емес. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін құрылғы үреді, тіпті түрлі тапсырмаларды орындайды. «Бұл науқас қариялардың жалғызсырамай, күйзеліспен күресуіне көмектеседі», - дейді өндірушілер. 

Том Стивенс, «Tombot» компаниясының бас директоры:

- Үйінде біздің күшіктерімізді ұстаған қарт кісілердің жағдайы жақсарып, деменция кезінде қабылдайтын дәрілерді аз іше бастаған. Мұны зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Робот күшігіміз ауруханада жатқан науқастардың көңіл-күйін көтеруге де көмектескен. Келешекте құрылғыны АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек бойынша санитарлық бақылау басқармасы мақұлдайды деп ойлаймыз.

Күшікке ұқсас роботтар жыл соңына дейін сатылымға шығу керек. Орташа құны 1,5 мың доллар болмақ. Бұл біздің ақшамен 800 мың теңгеге жуықтайды. Өндірушілер қазірдің өзінде ауруханалар мен қарттар үйінен көп тапсырыс түсіп жатқанын айтады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Райхан Серикова