SWAT Challenge 2025: еліміздің сарбаздары Қытай полициясынан қалыспай келеді

«Сұңқар» тағы биікке самғады.

Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан арнайы жасақтар арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық команда төртінші кезеңде де үздік нәтиже көрсетті. Ішкі істер министрлігіне қарасты құрылым қызметкерлері қойылған тапсырманы 2 минут 34 секундтта орындады. Сөйтіп жалпы командалық есепте екінші орнын сақтап қалды. Қазір көш басындағы Қытай полиция құрамасымен араны 1 ғана ұпай бөліп тұр.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Ел ішіндегі бәсекелерде әбден сыналып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған қазақ сарбаздарының жұлдызы жанғандай. Бабы мен бағы келіскен оғландар көш басына мықтап орнықты. Ұйымдастырушылар қазақстандық жауынгерлердің шеберлігін айрықша атап өтті. Оларды осы сынға жүйелі әрі тыңғылықты дайындаған Ішкі істер министрлігі, мемлекеттік күзет және ұлттық ұлан қолбасшылары, яки лауазымды тұлғалар жарыстың басы-қасында жүр. Әр сынақ алдында команда мүшелерін қолдап, жігерін жанып, намысын қайрап жатыр.

Сүйінғали Оразақаев, жанкүйер:

- Менің бөліп жаратын ешкімім жоқ. Бәріміз Қазақстанның намысын қорғауға келдік. Дегенмен өзім дайындаған жігіттер ыстық болады. Біз ел ішінде жүрсек те мына жақта бір ел үшін жүрміз. Алдыңғы ағаларына көмектесіп жүр. Тәжірибе жинап жатыр.

Қазақстанның Дубайдағы бас консулдығы болса, құрамаларымызға құқықтық көмек көрсетіп, сарбаздардың керек-жарағын дер кезінде жеткізіп беруде. Жанкүйерлердің қолдауы тағы бар. Нәтижесінде қазақстандық командалар алтын, күміс, қола жүлделерді қанжығалап үлгерді. Алғашқы кезеңде Сұңқар, одан кейін Сардар, енді міне үшінші және төртінші сайыс күнінің қорытындысы бойынша тағы сол Сұңқардың мықтылығы дәлелденді. Қазір ішкі істер министрлігіне қарасты жасақ жалпы есепте екінші басында.

Арман Тоғай, Атырау облысы күрес түрлері федерациясының басшысы:

- Төрт күннің нәтижесі бойынша қазақ пен қытай құрамаларының жарысы боп жатыр. Менің ойымша, жеңіске жетеміз.

Жарыс арнаулы мақсаттағы жасақтардың өзіндік жаһан чемпионаты іспеттес. Неге десеңіз, ауқымы және ұйымдастыру деңгейіне қарай осындай баға беруге болады. Жүлде қоры 260 мың долларға тең. Сондықтан болса керек, Дубай челленджіне бұрын-соңды 100-ден астам команда қатыспаған. Биыл 50-ге жуық мемлекеттен 105 ұжым 5 күндік бәсеке көркін қыздырып жатыр. Соның 12-сі біздің елден келген. Айта кеткен жөн, Арыстан, Арлан, Жаубасар, Ақтау SNN, Астана SNN және ұлттық ұлан жасақтары мұндай деңгейдегі бәсеге алғаш рет қатысып отыр. Соған қарамастан, нәтижеге көңіл толады. Былтыр жалпы есепте Қазақстан командасы қола еншілеген еді. Соны енді алтынға айырбастау міндеті тұр.

Рауан Мыңбай