Қытай америкалық тауарларға қарымта тариф енгізді

Қытай АҚШ-тан келетін көмір, сұйытылған табиғи газ, мұнай, ауыл шаруашылығы техникасы мен кейбір көліктерге баж салығын енгізді, деп хабарлайды 24kz.

Оның мөлшері 10-15% аралығында болады. Бұдан бөлек, Calvin Klein секілді брендтерге иелік ететін «ПиВиЭйч» корпорациясын сенімсіз компаниялар тізіміне кіргізді. Тиісті шешім келесі аптада күшіне енеді. Бұл америкалықтардың әрекетіне жауап ретінде жасалып отыр. Бұған дейін Дональд Трамп біржақты тәртіпте Қытайдан импортталатын тауарларға 10%-тік баж салығын енгізген еді. Ресми Бейжің бұл екі елдің сауда-экономикалық серіктестігіне сызат түсіріп, жаһандық жеткізу тізбегін бұзатынын айтады. Сондықтан дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірді.